Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында 95 мемлекеттік қызметшінің еңбек құқықтары қорғалып, оларға жалпы 190 сағат тынығу уақыты берілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Департамент мамандары 59 мемлекеттік органда жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізген. Яғни мемлекеттік қызметшілердің белгіленген жұмыс уақытынан тыс еңбекке тартылуы, демалыс күндері жұмысқа шығуы және еңбек тәртібінің сақталуына басты назарға алынды.
Мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарын сақтау – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен мемлекеттік органдарда қолжетімділікті бақылау және басқару жүйелері енгізілуде. Бұл жүйелер қызметкерлердің жұмысқа келуі мен кету уақытын объективті түрде тіркеуге, жұмыс уақыты режимінің сақталуын бақылауға және артық жұмыс істеу фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді, — дейді департамент өкілдері.
Бақылау жүйелері орнатылып, оларды интеграциялау жұмыстары толық аяқталған мемлекеттік органдарда үстеме жұмыс істеу, жұмысқа кешігу және демалыс күндері жұмысқа шығу фактілерінің төмендеу үрдісі байқалады.
Мониторинг барысында анықталған жағдайлар бойынша мемлекеттік қызметшілердің заңды құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған шаралар қабылданды. Нәтижесінде 95 қызметшіге қосымша 190 сағат тынығу уақыты берілді.
Мамандардың айтуынша, жұмыс уақытын сақтау тек еңбек тәртібін қамтамасыз етумен шектелмейді. Бұл мемлекеттік қызметшілердің кәсіби тиімділігіне, еңбек өнімділігіне және мемлекеттік қызметтің сапасына тікелей әсер етеді.




