ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жыл басынан бері әлеуметтік желіде заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл және лудоманияның алдын алу бойынша мониторинг жүргізіп келеді. Бүгінде бірақатар құқықбұзушылық анықталып, аккаунт иелері мен блогерген жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды F16.kz.
Instagram желісінде 12 парақша заңсыз лотерея жүргізген. Тексеру нәтижелері бойынша аккаунт иелері ӘҚБтК-нің 445-1-бабы, 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы 5 миллион теңге көлемінде айыппұл арқалады.
Маусым айында 2,3 миллион және 303 мың жазылушысы бар екі танымал блогердің стористерінде құмар ойындарға сілтемелер мен промокодтар жариялағаны анықталды. Бұл фактілер бойынша материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдарға жолданды, — деді ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 2-Оперативтік басқармасының міндетін атқарушы Қуат Рахимбаев.
Биыл 7 айда 637 сайтты бұғаттауға сұраныс жолданып, олардың 591-і сәтті бұғатталған. Сонымен қатар, құмар ойындарды заңсыз көрсеткен 21 интернет-ресурс анықталды.
Департамент мамандары заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру — қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.