Шығыста өңір туризмін өркендетуге бағытталған екі ауқымды іс-шара жоспарланған. Оның бірі – халықаралық “Монгол ралли” жарысы болса, екіншісі – Дүниежүзілік туризм күніне орай ұйымдастырылатын фестиваль, деп хабарлайды F16.kz.
Облыстық туризм басқармасының басшысы Ержан Сембиновтың айтуынша, 16-23 тамыз аралығында халықаралық “Монгол ралли” автосапары өтеді. Бұл бәсекеге шамамен әлемнің 60 елінен өкілдер жиналады. Раллиге қатысушылар мәре сызығын екі рет кеседі: 16 тамызда Металлургтер мәдениет үйінің жанында, 23 тамызда облыстық драма театрының алдында.
Дүниежүзілік туризм күніне орай 27 қыркүйекте Өскемендегі этнопаркте Үкімет мүшелері, шетелдік қонақтар, дипломаттар мен сала мамандары қатысатын ауқымды фестиваль болады. Фестиваль аясында туризмді түлетуге атсалысып жүрген үздіктер марапатталады. Сонымен қатар бұл күні мәдени, концерттік бағдарламалар өткізу жоспарланған, – деді Ержан Сембинов.
Айта кетейік, биыл жыл басынан бері аймақта бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырылды. Мәселен, наурызда Самар ауданында Балықшылар фестивалі, маусымда Катонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі, шілдеде инвестициялық форум өтті. Мұның бәрі облысқа ат басын бұратын туристердің санын көбейтуге ықпал еткені сөзсіз. Ресми статистикаға сүйенсек, 2025 жылдың І тоқсанында өңірге 100 мыңға жуық турист келді, оның ішінде 95 мыңы – ел азаматтары (өсім – 27,1%). Туризмге 15 млрд теңге инвестиция тартылып, екі ірі нысан іске қосылды. Қонақ үй қызметтерінің көлемі 2 млрд теңгеге жетті. Ендігі мақсат – 2029 жылға дейін туристер санын 650 мың адамға жеткізу.