Шомылу маусымы басталғалы Шығыс Қазақстан облысында сегіз адам құтқарылып, төрт адам суға батып кеткен. Бұл туралы облыстық ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов мәлім етті.
Оның айтуынша, өңірдің су айдындарында қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 19 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес, аймақта жаппай демалуға арналған 25 учаске анықталған, 74 учаскеде шомылуға рұқсат етілмесе, 29 учаскеде шағын көлемді кемелерде жүруге тыйым салынған.
Төтенше жағдай қызметкерлері демалушыларға шомылуға рұқсат етілген жерлерде ғана суға түсу қажеттігін ескертеді. Өйткені қайғылы оқиғалардың дені тыйым салынған айдындарда шомылу салдарынан болатынын айтады мамандар.
Бүгінде құтқарушылар өңірдің су айдындарындағы қауіпсіздікті сақтау бойынша, оның ішінде балалардың демалыс лагерьлерінде ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Департамент арқылы 32 құтқарушы-жасақшы оқытылды, 500-ден астам профилактикалық рейд ұйымдастырылды. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Бұқтырма су қоймасындағы Самар ауданында құтқару бекеті қойылды.