Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Ақсу филиалы аумағында шыққан табиғи өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД, орман шаруашылығының, ұлттық парк пен авиация күштері жұмылдырылған. Су төгу құрылғысымен жабдықталған «Қазавиақұтқару» АҚ-ның ЕС-145 борты жалпы көлемі 2400 литр болатын төрт мәрте су төкті. Семей қаласынан ұшып келген Ми-8 тікұшағы өрт орнына жалпы көлемі 2 тонна болатын екі су сыйымдылығын жеткізіп, күштер мен құралдарды тасымалдауды қамтамасыз етті. Өрттің таралуына жол бермеу бағытындағы негізгі жұмысты Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің тікұшағы атқарды.
Таңғы сағат 4-те экипаж өрт болған аумаққа ұшып, 45 десантшыны жеткізді. Жұмысты күрделі таулы жер бедері мен жақын маңда судың болмауы қиындатты. Өрт ошағына ең жақын орналасқан су айдыны — Марал көлі шамамен 30 шақырым қашықта орналасқан. Соған қарамастан, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі тікұшағының экипажы сегіз рет су төгіп, өрттің таралуын оқшаулауға және оның әрі қарай жайылуына жол бермеуге мүмкіндік жасады.
Негізгі қиындықтардың бірі – жартасты таулы жерде, жоғары биіктікте жұмыс істеу болды. Тікұшаққа суға толы құрылғыны көтеріп, оны өрт ошағына дейін жеткізуге тура келді. Бұл экипаждан дәлдік пен кәсіби шеберлікті талап етті, — деді ШҚО әкімдігі авиациясы Ми-8 тікұшағының екінші ұшқышы Владимир Ларионов.
Авиация таңертеңнен күн батқанға дейін үзіліссіз жұмыс істеді. Соңғы жағдай бойынша ашық жану тіркелген жоқ. Бүгін мамандар жекелеген учаскелерге су құйып, қалған ошақтарды оқшаулап, өрттің қайта таралуына жол бермеу үшін жағдайды тұрақты бақылауда ұстайды.




