Өскеменнің Ново-Явленка ауылында көше жолдары жөнделіп, асфальт төселіп жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Естеріңізге болса, елді мекен тұрғындары қала әкімі Алмат Акышовпен кездесуде ауыл ішіндегі жолдардың мәселесін көтерген. Көп уақыт өтпей төрт көшеге асфальт төселіп, жол жиегіне жиектастар қою жұмыстары жүріп жатыр.
Жұмысты шілденің басында бастадық. Бүгінге дейін төрт көшенің жолына қиыршық тас төгіп, оны нығыздап, бетіне асфальт жайдық. Енді осы жолдардың қос қапталын нығайтып, бекітіп жатырмыз. Барлығы 12 700 текше метр асфальт төселді, – деді жол жөндеуші компания өкілі, мердігер Рүстем Тондыбаев.
Атқарылған жұмысқа жергілікті жұрт риза. Бұрын шаңы аспанға көтеріліп, ойдым-ойдым болып жататын қара жол қазір тақтайдай тегіс.
Ауылымызға қала әкімі Алмат Ақышов келді, кездесуге бардық. Мәселені айттық. Рақмет, ол кісі “жолды жөндеп берем” деген сөзінде тұрды. Мердігер компанияның жұмысшыларына да алғыс айтамыз, жылдам және сапалы істеді. Бұрын жолымыз тастақ еді, шұңқыр да көп болатын. Қазір тегістелді. Балалар мәз, асфальтта жүгіріп, белесебет теуіп, роликпен зулап жүр, – деді ауыл тұрғыны Роза Быковская.