Қазақстан Ұлттық банкі кейінгі кезде интернет алаяқтардың балалар мен жасөспірімдерге құрық сала бастағанын айтып дабыл қақты. Қаржы институтының мәліметіне сүйенсек, алаяқтар әлеуметтік инженерия тәсілдерін тиімді пайдалануға көшкен, деп хабарлайды F16.kz.
Алаяқтық әрекеттің аса кең тараған түрлері ретінде парольдерді, банктік карта деректерін және басқа да құпия ақпаратты ұрлау мақсатында жалған сайттар мен қосымшаларға сілтемелерді фишинг және спуфинг арқылы жіберу қолданылады. Деректерді ұрлауға, пайда табуға немесе зиянды контент таратуға бағытталған «виртуалды таныстар» қосымша қауіп төндіреді, — делінген хабарламада.
Мұндай қауіптің алдын алу үшін Ұлттық банк ата-аналар мен педагогтарға балаларды кибергигиенаға және интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық ережелеріне үйретуді ұсынады. Балаларға жеке және дербес деректерді қорғаудың маңызын түсіндіру қажет.
Ата-аналар балалар мен жасөспірімдердің мобильді құрылғыларында «ата-ана бақылауы» функциясын, антивирустық бағдарламаларды және браузердің қауіпсіз режимдерін қолдануға тиіс. Сонымен қатар онлайн сатып алулар мен қаржылық әрекеттерді бақылап, сенімді құпиясөздер орнатуға және екі факторлы аутентификацияны баптауға көмектескені жөн.
Жасөспірімдерге бейтаныс адамдармен хат-хабар алмасуға болмайтынын, бөгде адамдарға жеке деректер мен фотосуреттер жібермеу керек екенін, ата-ананың рұқсатынсыз онлайн сатып алулар жасамау қажеттігін, сондай-ақ тек ресми сайттар мен қосымшаларды пайдалану керектігін ескерту қажет, – деп атап өтті Ұлттық банк.