Кеше, 23 сәуірде Түркияның Ыстамбұл қаласында бірнеше рет жер сілкінді. Зілзаланың ең жоғары магнитудасы 6,2 балға дейін жетті, деп хабарлайды F16.kz сайты DW—ге сілтеме жасап.
Түркияның ресми органдарының хабарлауынша, төтенше жағдай салдарынан шамамен 151 адам зардап шеккен, қаза тапқандар жоқ.
Жерасты дүмпуінің ошағы Ыстамбұлдан шамамен 60 шақырым қашықта, Мәрмәр теңізінде анықталған. Мамандар бұл кейінгі 25 жыл мұғдарында аймақта болған ең күшті жер сілкінісі екенін айтады.
Мамандардың болжамынша, аймақта жойқын жер сілкінісі қайталануы мүмкін. Сейсмолог Наджи Гөрюр жерасты дүмпулері Мәрмәр теңізіндегі тектоникалық плиталар шекарасында кернеуді одан әрі арттырғанын айтты.
Потсдамдағы Геофизикалық зерттеулер орталығы да бұл аймақта алдағы уақытта бұдан да күшті зілзала болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Халқының саны 15 миллионнан асатын мегаполис табиғаттың тосын мінезіне дайын емес екенін айтады мамандар. Өйткені қалада ғимараттар тығыз орналасқан, сондықтан ашық кеңістіктер аз. Бұл табиғат апаты кезінде іс—қимылды қиындата түседі.
Фото: pixabay.com