Зайсан ауданының аумағында, «Омбы – Майқапшағай» тасжолының бойында биіктігі 45 метр болатын екі антенна-мачталық құрылыс салынбақ, деп хабарлайды F16.kz.
Осы арқылы жергілікті билік жолда ұялы байланыстың болмауы проблемасын шешуге мүдделі. Аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы осылай деді.
– Зайсанға жол жүрген туристер мен ауданымыздың тұрғындары үшін бұл өзекті мәселенің бірі болып тұр. Қазір проблеманы шешу мақсатында республикалық тасжол бойында 45 метрлік екі антенна-мачталық құрылысты салуға жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда, – деді аудан әкімі.
Белгілі болғандай, бүгінде Зайсан ауданындағы халықтың 89,3%-ы кең жолақты интернетпен қамтылған. Алайда, 17 елді мекенде әлі де байланыс жоқ немесе оның сапасы нашар екен.
Аудан басшысы хабарлағандай, 2024 жылы Шілікті, Жалши және Жаңатұрмыс ауылдарында 230,4 миллион теңгенің 3 антенна-мачталық құрылысы орнатылып, қазір оларды іске қосу бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.
– Қалған ұсақ елді мекендердегі интернет мәселесі ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, кезең-кезеңімен шешілетін болады, – деді А.Ахметсәлімқызы.