Ақмола облысының Щучинск қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында республикалық слет басталды, деп хабарлайды F16.kz.
Еліміздің барлық өңірінен келген жүзден астам белсенді жас қатысып жатқан жиынның ашылуына Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Парламенті Мәжілісінің депутаттары және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.
Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Мұнда мәселе тек бір саланың мамандарын даярлау емес, жалпы еңбекке деген көзқарасты қайта қарау болып отыр. Ұзақ уақыт бойы жұмысшы кәсіптеріне қатысты қоғамда стереотиптер қалыптасып келді. Бүгінде жағдай өзгерді. Қазіргі жұмысшы — жаңа технологияларды меңгерген, еңбек нарығында сұранысқа ие білікті маман. Мемлекет ретінде біз еңбекті қадірлеу дәстүрін қайта жаңғыртып, жұмысшы еңбегіне лайықты құрметті қайтару үшін бар күшті саламыз. Өйткені индустриялық даму, өндірісті жаңғырту, экономикалық тұрақтылық – бәрі ең алдымен сіздердің еңбекке тікелей байланысты. Осы өзгерістердің өзегінде – сіздер, жас мамандар тұр, — деді Ермек Көшербаев.
Осы жылдың басынан бері 8 мыңнан астам кәсіби бағдар беруші маман даярланды, мектептерде 352 бейіндік сынып ашылды, 1300-ден астам оқушы жұмысшы мамандықтарының негізін меңгерді. Шефтік қамқорлыққа алған кәсіпорындар саны жеті есе артса, кәсіпорындармен дуальді оқыту келісімшарттарының саны екі есе көбейді. 185 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, студенттердің 96%-ы жатақханамен қамтылды.
Биылғы 1 қыркүйектен бастап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына арналған жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге өсіп, бір студентке 437 мың теңгеден 912 мың теңгеге дейін ұлғаяды.
Қазіргі еңбек нарығында тек диплом емес, нақты дағды мен тәжірибе маңызды рөл атқарады. Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаңа деңгейге көтерілді. Біз Қытай, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания, Грузия және өзге де елдермен бірлесіп, 10 халықаралық жобаны қолға алдық. Алғаш рет колледждерге халықаралық сертификаттау енгізілді. Енді біздің студенттер өз құзыреттерін әлемдік стандарттар бойынша дәлелдеп, шетелдік тағылымдамаларға, халықаралық еңбек нарығына жол ашатын болады, – деді Ғани Бейсембаев.
Слетқа қатысушылардың арасында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 3-курс студенті Аяла Байболат та бар. Ол грантта оқиды және оның колледжі интернационалдандыру жобасына алғашқылардың бірі болып енген.
Президентіміз Жұмысшы мамандықтары жылын жариялаған сәтте біздің еңбектің маңыздылығы мен қажеттілігі айқындалды. Бүгінгі таңда колледждер – саналы әрі болашағы зор таңдау. Бізде заманауи шеберханалар, халықаралық тағылымдамалар ашылып жатыр, ең бастысы – нақты мүмкіндіктер бар. Осындай сенім артқандарыңызға алғыс айтамын, — деді студент.
Слет 24 шілдеге дейін жалғасады. Үш күн бойы жастар түрлі кездесулерге, шеберлік сабақтарына, интерактивті білім беру блоктарына, командалық тапсырмалар мен мәдени-спорттық бағдарламаларға қатысады.
Айта кетейік, елімізде барлығы 772 колледж бар, онда 550 мыңнан астам студент білім алады.