Жыл басынан бері Өскемен қаласында 7 бала терезеден құлап кеткен, деп хабарлайды F16.kz тілшісі қалалық прокуратураға сілтеме жасап.
Өкінішке қарай, үш оқиға кәмелетке толмаған балалардың өлімімен аяқталған. Осыған байланысты қалалық прокуратура басшылығы тұрғындарды пәтерлердегі қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырады.
Белгілі болғандай, соңғы уақытта облыс орталығында балалардың терезеден құлау фактілері жиілеген. Егер 2024 жылдың 12 айында мұндай 4 оқиға тіркелсе, биылғы жарты жылда ғана 7 факт анықталған. Және жоғарыда жазғанымыздай, оның үшеуі қайғылы аяқталған.
– Барлық оқиғада ортақ мән-жай байқалады. Ол: ашық тұрған терезе және ересектердің балаларын қараусыз қалдыруы. Қадағалаусыз ашық тұрған терезе – қауіп көзі. Маса торы – қорғаныш емес, өлімге апарар тұзақ. Сондықтан, үйдегі терезелердің қауіпсіздігін дәл қазір тексеріп, жазатайым оқиғаның алдын алуға шақырамын. Терезе алдына жиһаз қоймаңыз, балаларға арналған құлыптар немесе шектеуіштер орнатыңыз. Ашық терезесі бар бөлмеде баланы тіпті бір минутқа да жалғыз қалдыруға болмайды, – деп ескертті Өскемен қаласының прокуроры Тимур Чакпантаев.
Прокурор, сондай-ақ ата-аналар балалардың қауіпсіздігі үшін заң алдында жауап беретінін де еске салды.