Ләззат Қанатқызы
Жарияланды: 15:34, 07 май 2025
Жаналықтар

ШҚО әкімі тыл ардагері Мұрат Ожановты құттықтады

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қасым Қайсенов кентінің тұрғыны, тыл еңбеккері Мұрат Ожановты 7 мамыр - Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды F16.kz тілшісі. 

Мұрат Ожанов 1933 жылы 12 желтоқсанда Зайсан ауданының Байгөбек ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Өз өмірін білім саласына арнап, Дайыр ауылындағы Мукарама мектебінде 40 жыл бойы география мен биология пәндерінен сабақ берген. 1970 жылы оның бастамасымен мектепте өлкетану мұражайы ашылып, туған өлкені зерттеу үйірмелері ұйымдастырылған. Бүгінде Мұрат Қалиасқарұлы Ожановтың отбасы Қасым Қайсенов кентінде тұрады.

Білім саласындағы еңбегі үшін ол Қазақ КСР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хатымен марапатталған, сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50, 60 және 70 жылдық мерейтойлық медальдарының иегері.

Облыс әкімі Мұрат Ожановқа «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» медалін табыстап, ардагерге ерекше еңбегі, Шығыс Қазақстандағы білім мен өлкетануға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)