Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференциясына қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды F16.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Ата заңнан биік ештеңе жоқ
Мемлекет басшысы қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, алқалы жиынның мән-маңызына тоқталды.
Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Осыдан 30 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Бұл егемен еліміз үшін тарихи сәт болды. Баршаңызға құтты болсын деймін. Шын мәнінде, Ата заңнан биік ештеңе жоқ. Себебі Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры, Тәуелсіздігіміздің айнымас темірқазығы, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүгінгі Ата заңымыздың бастауында бабалардан мұра болған дала заңдары тұрғанын айтты.
Қазақ – Ұлы дала заңына бас иген, ар-ұяттан аттамаған халық. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы – нағыз дала заңының жарқын үлгілері. Осы дәстүр ешқашан үзілген емес.
Жұртымыз дала заңынан қазіргі Ата заңына дейін тарихи жолдан өтті. Өткен ғасырдың басында қазақ зиялылары бұл іске елеулі үлес қосты. Кеңес заманында еліміздің құқықтық іргетасы қаланды, білікті заңгерлер шоғыры пайда болды, – деді Мемлекет басшысы.
Конституция қалай дүниеге келді?
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция жобасын талқылауға миллиондаған қазақстандық қатысқанын, еліміздің басты заңын қабылдауда тұңғыш президент Назарбаев шешуші рөл атқарғанын атап өтті.
1993 жылы егемен Қазақстанның алғашқы Ата заңы бекітілді, мемлекетіміздің конституциялық құрылымы айқындалды. Бірақ көп ұзамай жаңа тарихи ахуалға сай келетін жаңа Конституция қабылдау қажет болды. Осыған орай, арнайы кеңес құрылды, оған бір топ белгілі отандық заңгер мүше болып, белсенді жұмыс жүргізді. Шетелден шақырылған сарапшылар да осы маңызды іске атсалысты. Ата заңымыздың жобасын талқылауға миллиондаған азамат қатысты, мыңдаған ұсыныс келіп түсті.
Конституция туралы айтқанда, тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегіне әділ баға беру қажет. Ол Конституция қабылданған кезде Мемлекет басшысы ретінде шешуші рөл атқарды, – деді ол.
Сөйтіп 1995 жылы 30 тамызда Тәуелсіздік төлқұжаты – Конституция қабылданды. Еліміздің басты заңына «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы…» деген сөздер жазылды. Конституция тәуелсіздігімізді нығайтуға зор ықпалын тигізді, еліміздің одан әрі дамуына даңғыл жол ашты.

Қазақстан дербес мемлекет ретінде әлем қауымдастығының белді мүшесі атанды. Әрине, уақыт бір орында тұрмайды. Отыз жылда түрлі себепке байланысты Ата заңға 6 рет түзету енгізілді.
Бірақ ең басты конституциялық өзгеріс осыдан үш жыл бұрын жасалды деп айтсақ, орынды болар. Конституциялық реформаның арқасында еліміздің саяси-құқықтық жүйесі түбегейлі жаңа сипатқа ие болды.
Сол кезде Конституцияға түзетулерді Парламент арқылы өткізу керек деген ұсыныс кеңінен айтылды. Бірақ күрделі болса да, басқа жолды таңдау жөнінде шешім қабылданды. Ел болашағына тікелей әсер ететін аса маңызды шешімдерді тек қана референдум арқылы қабылдау қажет деген ұстанымды міндетті түрде сақтау керек деп ұйғардым, – деді Президент.
Референдум және өзгерістер
Мемлекет басшысы Конституцияға енгізілген өзгерістер мен референдум туралы да айтты. Оның айтуынша, елімізде «Республикалық референдум туралы» заң ширек ғасыр бұрын қабылданды. Бірақ осы кезге дейін бірқатар себеппен бүкіл халық өзекті мәселелер бойынша дауыс бермеді. Ал азаматтарымыз ел тағдырына қатысты әр мәселеге өз ой-пікірін, көзқарасын ашық білдіргісі келді. Қоғамда сұраныс болды. Сондықтан референдум өткізу туралы бастамаға барша халық бірауыздан қолдау көрсетті. Халық Конституцияға енгізілген түзетулерді жақтап, дауыс берді.
«Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген Конституция бабы нақты жүзеге асырылды. Бұл қоғамымыздағы саяси үрдіске зор серпін берді. Енді еліміздегі барлық маңызды шешімдерді бір ел болып талқылап, бірге қабылдайтын болдық. Былтыр Атом электр стансасын салуға қатысты өткен референдум – соның айқын дәлелі, – деді ол.
2022 жылы жүргізілген реформа Қазақстанның конституциялық құрылымы тарихындағы ең мазмұндысы болғаны рас. Мұндай реформаны қолға алуға сол кезеңдегі өте күрделі саяси жағдай себеп болды.

Референдумда Ата заңға түзету енгізумен шектелмей, Конституцияның жаңа жобасын дауысқа салу туралы көптеген ұсыныс айтылды. Мұндай бастамалардың көтерілуі бекер емес. Заңнамалық тұрғыдан орынды әрі саяси жағынан биліктің беделін арттыратын айтарлықтай оңтайлы тәсіл болып көрінді.
Алайда 1995 жылы қабылданған Конституцияны реформалаумен шектеліп, оның негізгі мән-мазмұнын сақтау жөнінде шешім қабылдадым. Осы арқылы Конституцияның басты ережелерінен айнымайтынымызды дәлелдедік. Сондай-ақ ел бірлігі, халықтың тыныш әрі берекелі өмірін қамтамасыз ету және ішкі саяси тұрақтылықты сақтау секілді мемлекетіміздің жоғары құндылықтарын берік ұстанатынымызды көрсеттік. Осы шешімнің арқасында бүгін Конституцияның 30 жылдық мерейтойын атап өтіп отырмыз. Дегенмен жаңа саяси жағдайға, қоғамды жан-жақты жаңғырту міндеттеріне сай келмейтін Конституциядағы ережелер референдум арқылы жойылды. Сондықтан нақты реформаның нәтижесінде Конституция баптарының үштен бірі жаңартылды. Бұл – конституциялық реформа ауқымының айқын көрсеткіші. Көп жылдан бері қоғамның көкейінде жүрген Әділдік, Ашықтық, Есептілік, Жауапкершілік қағидаттары Ата заңда көрініс тапты. Азаматтардың Конституцияға сенімі нығая түсті. Референдум өткізудегі басты мақсат осы болатын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Маңызды саяси—құқықтық бетбұрыс
Осындай іргелі өзгерістердің арқасында еліміздің саяси жүйесінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орнықты. Бұл билікте өзара тиімді байланыс пен тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік берді. Президенттің жеті жылға бір рет қана сайлануы ел тарихындағы аса маңызды саяси-құқықтық бетбұрыс деп айтуға толық негіз бар. Себебі мұндай жағдай Қазақстанда бұрын-соңды болмаған.
Осылайша, елімізде биліктің бірегей үлгісі пайда болды, яғни, мемлекеттік басқару жүйесі жаңа қағидаға сай жұмыс істей бастады, сол арқылы мемлекеттегі саяси үдерістер әлдеқайда түсінікті, болжамды, айқын бола түсті. Нақты айтқанда, Президенттің жақын туыстарына билік жүйесінде лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды. Биліктегі отбасылыққа тосқауыл қойылды. Бұл да өте қажетті қадам болды.

Халықтың осы шешімі – аса маңызды саяси-құқықтық жаңашылдық, әлемде баламасы жоқ конституциялық инновация
2019 жылдан бері кезең-кезеңімен бірнеше саяси реформа жүргізіліп, саяси жүйе дәйекті түрде жаңғырды. Бірақ бұл бағытта біраз кедергілер болғанын да жоққа шығармау керек. Саяси ортаның белгілі бір бөлігі қоғамды жаңғыртуды көздейтін бастамаларға күмәнмен қарады, қабылдай алмады. Соған қарамастан Мемлекет басшысы таңдаған бағыт өзінің дұрыстығын дәлелдеді.

2022 жылы өткен референдум ұлтымызды бұрын-соңды болмаған деңгейде ұйыстырып, мемлекет алдындағы стратегиялық міндеттердің төңірегіне топтастарды. Азаматтарымыздың жаңа саяси бағдарды бірауыздан қолдауы алға ілгерілеуден басқа жол жоқ екенін айқын көрсетті.
Тарихи өлшем тұрғысынан өте қысқа уақыт ішінде қоғам саяси кемелдік пен азаматтық жауапкершілікті күшейтетін іргелі өзгерістерді бастан өткерді. Әділетті Қазақстанды құру процесін енді ешкім тоқтата алмайды. Өткенге оралуға, ең алдымен, еліміздің жастары жол бермейді. Білімді жас ұрпақ келешекке көз тігеді. Олар Қазақстанды жаңа заманның талабына сай келетін өркениетті мемлекет ретінде көргісі келеді, – деді Мемлекет басшысы.




