Қызылорда облысының мәдени күні аясында Өскеменде «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрме ұйымдастырылды. Онда Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы құнды жәдігерлер қойылды, деп хабарлайды F16.kz.
Ежелгі дәуірлерден сыр тартып, ескінің үнін жеткізген құнды жәдігерлерді көппен бірге қос өңірдің басшылары Нұрымбет Сақтағанов пен Нұрлыбек Нәлібаев тамашалады. Түркі жұртының тарихында елеулі орын алатын Сыр бойының тарихи мұрасы көрерменнің зор қызығушылығын туғызды. Әсіресе, «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» атты археологиялық реконструкциялар жұрт назарын бірден аударды. Одан бөлек шебер қолдан шыққан зергерлік, тұрмыстық бұйымдар мен қару-жарақ коллекциясы, Сыр елінің құнды фото және архив құжаттары, алтынмен әдіптелген сақ әйелдерінің әшекейлері, көне дәуір ханшайымының мүсіндік реконструкциялары, «Алтын адам» бейнесі көрмеге қойылған. Бұл экспонаттар Қызылорданың мәдени-тарихи брендіне айналған.

Бұл тарихи тұлғаның бейнесі тек археологиялық табыс емес, ол сол дәуірдің мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін көз алдымызға әкелетін құнды құбылыс. Жетіасардан табылған бұл мүсіннің түпнұсқасы Мәскеуде, Шығыс халықтарының музейінде сақтаулы тұр, – деді көрмені таныстырған музей маманы Бақнұр Жолмырза.
Көрмеде жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі қару-жарақ пен сол кезде қолданған заттар, Алаш заманынан ақпарат беретін құжаттар мен тарихи фотосуреттер, алғашқы қазақ баспасөзі туралы деректер де кездесті.

Айта кетейік, биыл Қызылорданың (сол кездегі Ақмешіт) астана болғанына 100 жыл толды.
Көрме ұнады. Тарихты түсінетін адамға біраз дүние бар екен мұнда. Өзім бұған дейін білмеген көп мағұлмат алдым. Сыр елінің тарихы бай, мұрасы мол екен расымен. Сонау замандағы Қорқыт бабамыздан бастап бұл өлкеден талай-талай тұлғалар шыққан. Соның бәрін кейінгі жастар көп біле бермейді. Ал осындай көрмелер ұйымдастырылса өскелең ұрпақ көзбен көріп, қолымен ұстайды, зердесіне тоқиды. Міне сол үшін мен немеремді ертіп келдім осында. Жаңа концертті көрдік. Қандай керемет. «Сыр елі – жыр елі» деп текке айтпаған ғой. Өнермен сусындап шықтық, – деді Кенжетай Мұхтарбек.




