Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді дамытуға бағытталған реформалары туралы пікір білдірді. Ол «Время» газетінде жарық көрген «Реформа логикасы: қуатты өңірлер – қуатты ұлт» мақаласында Мемлекет басшысының өңірлік саясаттағы «үш тірек» – жүйелілік, жалпықамтылу және кезең-кезеңмен жүзеге асыру екеніне тоқталды.
Сенат төрағасы атап өткендей, тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде орталықтандырылған басқару жүйесіне негізделген еліміз бұл қатаң үлгіден асып түсті. Өз тарихи миссиясын атқарған бұл жүйе қазіргі уақытта әрі қарайғы дамуға кедергі бола бастады. Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, жаңа кезеңнің басты ерекшелігі – өңірлер арасындағы экономикалық даму деңгейіндегі алшақтық, яғни тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатындағы айырмашылықтардың артуы.
Сенат төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды дамытуға, жергілікті өмір сапасын арттыруға, өңірлік ерекшеліктерді ескеруге және облыстар мен аудандар тұрғындарын елдің саяси-экономикалық үдерістеріне тартуға бағытталған реформаларының түпкі мәні де осында екенін атап өтті.
Өңірлік дамудың мәселелері мен сын-қатерлері өзара байланысты бола отырып, 30 жыл ішінде тұтас антисистемаға айналды. Сондықтан жеке мәселелерді бөлек-бөлек шешу тұрақты нәтиже бермеді. Дәл осы себепті Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформаторлық күн тәртібіндегі басты бағыттардың бірі – өңірлерді дамытудың нағыз жүйелі тәсілін енгізу болды. Негізгі қағида – ондаған жылдар бойы қордаланған түйінді бір сәтте шорт кеспей, оны біртіндеп, жүйелі түрде шешу. Бұл – өртті уақытша сөндіретін дағдарыс-менеджмент емес, керісінше, барлық деңгейде біртіндеп, бірақ орнықты түрде түпкілікті нәтижеге жетуді көздейтін жүйелі тәсіл. Жүйелілік, жалпықамтылу және кезең-кезеңімен жүзеге асыру – Президент Тоқаевтың өңірлік реформаларының ұзақ мерзімді перспективаға негізделген үш тірегі, – деп жазды Сенат спикері.
Мақалада атап өтілгендей, Мемлекет басшысы теңгерімді аумақтық дамуға айрықша назарды 2020 және 2021 жылдардағы Жолдауларында аударды. Бұл құжаттарда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңсіздіктерді азайту негізгі басымдық ретінде айқындалды. Сонымен қатар, Президент бұл тәсілдерді 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарында және кейінірек – 2030 жылға дейінгі Қазақстанның өңірлік даму тұжырымдамасында бекітуді тапсырды.




