Өскеменнің экологиясы жыл өткен сайын нашарлап барады. Қаланы жиі қою түтін басып, адамдар тысқа шығудан қалды. Мектеп оқушылары қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде онлайн оқитын болды. Өткір иістен тамағы күйіп, тынысы тарылған науқастар көбейді. Ал мемлекеттік органдар жағдай тұрақты дейді. Tereze жобасының журналистері түтінге тұншыққан шаһардың проблемасына үңіліп, сарапшылармен бірге мәселені шешудің жолын іздеп көрді.
ҚАЗАҚСТАН ТАУЫНДАҒЫ «БАРОМЕТР»

Қазақстан тауындағы үлкен туды өскемендіктер әзілдеп «метеостанция» деп атайды. Өйткені ауа райын осы туға қарап бағдарлайды. Ол биікте желбіреп тұрса, сыртқа қорықпай шығуға болады, жел бар, ауа таза. Керісінше төмен тартып, қозғалыссыз күйде болса — қауіпті. Тымық күндері қала түтінге бөгіп, қолайсыз метеожағдай қалыптасады. Шығыстың бас шаһарында жиырма жылдан астам уақыт тұрып келе жатқан журналист Дарын Нұрсапар да өзге өскемендіктер сияқты экологиялық ахуалды Қазақстан тауына қарап болжайды.
Бұл ту былайша айтқанда, барометр. Таңертең тұра салып терезеден тау жаққа қараймын. Ту желбіреп тұрса, жел бар, газды қуалап кетеді. Ал енді қозғалмаса, қиындау. Мүлде көрінбей қалса қорқынышты, қала көк түтінге көміліп, газға тұншығып жатыр деген сөз. Бұл — қолайсыз метеорология жағдайының ең жоғары деңгейі, — деді Дарын Нұрсапар.
Ауаға зиянды қалдықтар бөлінетінін жергілікті жұрт бірден біледі. Тамақ жыбырлап, тілде қышқыл дәм сезілсе сақтану керек. Мұндай кезде көшеде бетперде таққан адамдар көбейеді.
Зейнеткер Бақытжамал Нұркенова экологияның нашарауынан кейінгі кезде денсаулығы жиі сыр беретінін айтады. Өкпе демікпесімен (астма) ауыратын қарт тұрғын қолайсыз метеожағдай болғанда сыртқа мүлде шықпайды. Шықса — тынысы тарылып, тұншығады.
Зауыттар газ шығарған кезде есік-терезені жауып, үйде отырамын. Тіпті дүкенге барсам, ауырып қаламын. Жөтел қысып, кеудем сырылдайды. Өткір иісті газдан өңешің күйіп қалады. Осы ауамен әкімдер де, зауыттың басшылары да демалады ғой. Олар ауырмай ма? Денсаулықтарына зиян тимей ме? Экология проблемасы шешілмей келе жатқанына қанша жыл болды. Ешқандай оң өзгеріс байқалмайды. Кері кетіп бара жатқан сияқты, — деп қапаланды зейнеткер.

БІР АЙДА 18 РЕТ ҚОЛАЙСЫЗ МЕТЕОЖАҒДАЙ ТІРКЕЛДІ
Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі мен жасыл энергетика жөніндегі жобалық кеңсенің соңғы зерттеуі көрсеткендей, кейінгі 10 жылда Өскеменде ауаның ластану деңгейі тұрақты түрде жоғары деп бағаланып келеді. Тек 2016 жылы «жоғарылаған» деңгейде болған. Кейінгі екі жылда қалада зиянды заттар 14,7 мың рет рұқсат етілген шекті шамадан асып кеткен.
Бүгінде облыс орталығында «Казцинк», «ТМК», «Үлбі металлургия зауыты», «Конденсатор зауыты» сияқты алпауыт кәсіпорындар, «Өскемен ЖЭО», «Согра ЖЭО» және бірнеше жылу қазандығы жұмыс істейді, оған қоса көмір жағатын жеке тұрғын үйлер қаншама. Бұның бәрі ауаны ластауға «үлес» қосады.
Биыл қазанда Өскеменде 18 рет қолайсыз метеожағдай тіркелді. Бұл күндері «Қазгидрометтің» өлшеуіш аспаптары ауа құрамында күкірт диоксиді, көміртек оксиді және күкіртсутек сияқты қауіпті заттардың шекті рұқсат етілген мөлшерден 2-2,5 есе артық болғанын көрсетті. Осы кезде Шығыс Қазақстан облысы экология департаментінің мамандары ауа сапасын зерттеу үшін кәсіпорындарға барып, зерттеу жүргізді.
Біздің аспаптар ауадағы газдың мөлшері белгіленген нормадан аспағанын көрсетті. Яғни, кәсіпорындар қалыпты режимде істеп тұр. Ендеше газ қайдан келді? Бұған дейін облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы арнайы зерттеу жүргізген. Зерттеу қорытындысына сәйкес, қалада жылына ауаға 158 мың тонна зиянды қалдық шығарылатыны көрсетілген. Оның ішінде өнеркәсіп кәсіпорындарының үлесі — 50 мың тонна. Қалғаны көлік құралдары,энергия өндіретін орталықтар мен жеке тұрғын үйлердің еншісінде, — деді Шығыс Қазақстан облысы экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменов.
«Қазгидромет» мәліметтеріне сүйенсек, кейінгі 10 жылда қаладағы экологиялық ахуал жақсармаған. Осы уақыт аралығында атмосфералық ауа ластануының орташа индексі шамамен 7,3-ке тең болған. Бұл — ластанудың жоғары деңгейі.
Өскеменде көбіне II дәрежелі қолайсыз метеожағдай жарияланады. Ол кезде кем дегенде бір қоспа шекті рұқсат етілген шамадан үш есе асады. Негізгі ластаушы қоспаларға күкірт диоксиді, көміртегі тотығы, азот диоксиді, күкіртсутек, РМ-2,5 және РМ-10 қалқыма бөлшектер, фенол, хлор және сутегі хлориді жатады, — деді «Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша филиалының директоры Ләззат Болатқан.
Оның айтуынша, ауаның ластану деңгейі стандартты индекс, ең жоғары қайталану және кешенді атмосфераның ластану индексі көрсеткіштерін ескере отырып бағаланады. Соның негізінде ластану төрт деңгейге бөлінеді: төмен, көтеріңкі, жоғары және өте жоғары.
АНЫҚТАМА
«Қазгидромет» деректеріне сәйкес, Өскеменнің ауа құрамында күкірт диоксиді, азот диоксиді, көміртек оксиді, күкіртсутек, хлорсутек сияқты зиянды заттар шекті рұқсат етілген концентрациядан асып түседі. Ал бұлардың әрқайсы денсаулыққа зиян.
Күкірт диоксиді қаупі жағынан 3-класқа жатады. Ол орташа қауіпті саналса да, жоғары концентрацияда немесе ұзақ әсер еткенде денсаулыққа елеулі қауіп төндіреді. Тыныс алу жүйесін, шырышты қабаттарды және теріні тітіркендіреді. Жөтел, ентігу, тамақтың ашуы сияқты белгілер тудырады.
Азот диоксидінен жөтел мен ентігу болады, ал ұзақ әсер еткенде өкпенің созылмалы ауруына, бронхит пен астмаға әкеліп соқтыруы мүмкін. 2-кластағы қауіпке жатады.
Күкіртсутек қаупі жағынан 2-класқа кіреді. Төмен концентрацияда көздің және тыныс жолдарының шырышты қабаттарын тітіркендіреді. Жоғары дозада улану, бас ауру, бас айналу, әлсіздік пен жүрек айнуды туындатады. Иісі шіріген жұмыртқаға ұқсайды.
Хлорсутек тыныс жолдарының шырышты қабаттарын тітіркендіріп, жөтел, тұншығу және өкпенің қабынуын тудырады. Ауыр жағдайда өкпе ісінуіне әкеліп соғуы мүмкін.
Көміртек оксиді қаупі жағынан 4-класқа жатады. Тіпті аз концентрацияда да гемоглобинмен байланысып, қанның оттегі тасымалдау қасиетін тежейді, бұл тіндерге оттегі жетпей қалуы мүмкін. Улану белгілері: бас ауруы, әлсіздік, бас айналуы, жүрек айнуы және құсу.
Қолайсыз метеожағдайдың II деңгейі жарияланғанда және зиянды заттардың рұқсат етілген концентрациясы үш еседен асқан жағдайда, Өскеменде мектеп оқушылары, колледж және университет студенттері онлайн оқуға көшеді. Биылғы қазан-қараша айларында ауаның ластануына байланысты облыс орталығында оқушылар бірнеше рет қашықтан оқуға ауыстырылды.
КӨЛІК ПЕН КӨМІР

Өскемен әкімдігінің мәліметінше, кейінгі жылдары облыс орталығында көлік саны бірнеше есе артқан. Республика бойынша орташа көрсеткіш 100 адамға 22 көлік болса, Өскеменде — 36 көлік.
2000-жылдары қалада 43 мың көлік тіркелсе, былтыр олардың саны 126 мыңнан асты, ал биыл 132 мыңға жетті. Жыл сайын 6 мың көлікке көбейіп отыр. Демек, ауадағы түтіннің мөлшері де артты. Бұл техникалардың бәрі жанармаймен жүреді, газ шығарады, — деді Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов.
Шаһар басшысы қоршаған ортаны ластаушы негізгі көздің бірі ретінде көмір жағатын жер үйлер мен энергия өндіруші орталықтарды атады. Қала аумағында пешпен жылытылатын үйлердің жылдан-жылға көбеюі және энергия тұтынатын халық санының өсуі экологиялық ахуалды қиындада түскен.
2000 жылдары қаладағы жеке тұрғын үйлер 120 мың тонна көмір жақса, қазір 250 мың тонна жағады. Жылу электр орталықтары мен қазандықтардың отын тұтыну мөлшері де дәл осылай артты. Облыс орталығы дамып, халқы өсіп, аумағы кеңейіп жатыр. Соған сәйкес энергияға сұраныс туындайды. Ал біздегі жалғыз энергия көзі — көмір, — деп түсіндірді Алмат Ақышов.
Өскемен халқы түтінге тұншығып жатқанда жергілікті билік қала шетіне тағы бір көмірмен жанатын жылу электр орталығын салуды ұйғарды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың сөзінше, жылу электр орталығының құрылысы келесі жылы басталып, 2029 жылы аяқталады. Эколог Дәулет Асанов Ертістің сол жағалауында бой көтеретін жаңа нысан онсыз да таза ауаға зар болған тұрғындардың жағдайын мүлде қиындата түседі деп санайды.
Жылу электр орталығын салса, қаланың ауасы ешқашан тазармайды. Тіпті зауыттарды түгел жауып тастасақ та, экологияны оңалта алмаймыз. Өйткені қазір Ертістің сол жағалауынан, Атығай асуы мен Жібек маталар комбинаты ықшам ауданы жағынан келіп тұрған жел ертең жылу орталығы іске қосылғанда түтінді орталыққа қуалап әкеледі. Мәселен, қазір Атығай асуынан оңтүстік-батысқа созылып жатқан Ахмер ауылындағы жер үйлер от жаққанда қою түтін желмен қалаға қарай көшеді. Ал енді жеке сектордың жоғарғы жағына апарып жылу орталығын тұрғызса не болды? Көк түтінге көмілеміз, — деді Дәулет Асанов.
Ол жаңадан ірге көтеретін ЖЭО-ға көмір жағатын барлық жеке сектор қосылатынына, нәтижесінде ауаға шығарылатын түтін мөлшері азаятынына сенбейді. Себебі бұл — өте қымбат жоба.
Шынтуайтына келсек, энергетика орталықтары мен кәсіпорындардан шығатын қалдық көлік түтінінен әлдеқайда зиян әрі үлесі де көп. Бензинмен жүретін көліктерден көміртегі тотығы бөлінеді, оның қаупі төртінші класқа жатады, яғни аса қауіпті емес. Екіншісі — азот тотығы, оныңқаупі екінші класқа жатады. Жалпы, көлік түтіні ауадағы ластаушы заттардың 20-30 пайызын беруі мүмкін, қалған 70 пайызы жылу электр орталықтары мен зауыттардың еншісінде, — деді Дәулет Асанов.
Бұл пікірді облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменов те растады. Оның мәліметіне сүйенсек, тұман тұмшалап, қою түтін басатын күндер, әсіресе күз бен қыста жиілейді. Себебі жылыту маусымы кезеңінде қаладағы энергия өндіруші кәсіпорындар, жер үйлер от жағады. Өскемен ойпатта жатқандықтан ауаға бөлінетін бүкіл зиянды зат жел соқпағанда қаланы тұмшалап тұрады.
Ауа жазда сирек ластанады. Жылыту маусымы кезінде жеке тұрғын үйлер не жағатынын білмейміз. Көмір жаға ма, жоқ резеңке ме, қоқыс па, бақылау қиын. Жеке сектордағы үйлердің жартысына жуығы қатты тұрмыстық қалдықтар шығаруға шарт жасамаған. Олар қоқысты қайда жібереді? Моншаға жағуы мүмкін. Одан шыққан улы газ ауаға тарайды. Жел болмаса қаланың үстіне шөгеді, — деді Әсет Сүлейменов.
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТ АЙМАҒЫ МӘРТЕБЕСІ ҚАЖЕТ ПЕ?
Өскемен тұрғындары бірнеше жылдан бері қаланы экологиялық апат аймағы деп тану мәселесін көтеріп, екі жыл бұрын петицияға он мың адам қол қойған. Сенат депутаты Ольга Булавкина қалаға арнайы мәртебе беру қажеттігін үнемі айтып жүр, былтыр Үкімет басшысына депутаттық сауал да жолдаған. Республикалық ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатта ол: «Өкінішке қарай Өскемен бірнеше ондаған жылдан бері барлық көрсеткіш бойынша экологиялық апат аймағы болып келеді. Мұны мойындайтын уақыт жетті. Бүгінде зауыт мұржаларының түбінде тұрып жатқан адамдарды экологиясы қолайлырақ жерге көшіру қажет», — деген.
Бұған дейінгі облыс әкімдері де, қазіргі әкім Нұрымбет Сақтағанов та жүйелі жұмыс жүріп жатқандықтан, Өскеменді экологиялық апат аймағы деп тану мәселесі қарастырылмайтынын айтқан.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі, кәсіби эколог және азаматтық белсенді Роман Честных облыс орталығына экологиялық апат аймағы мәртебесін беру ұсынысын қолдамайды. Сарапшының пікірінше, бұл проблеманы шешпейді, керісінше күрделендіреді.
Өскемен экологиялық апат аймағына айналса, қалада тіршілік тоқтайды. Мыңдаған адамды жұмыспен қамтыған кәсіпорындар жабылады, өйткені ауаны ластауға рұқсат жоқ. Басқа өндіріс ошақтарының да есігіне қара құлып ілінеді. ЖЭО-лар энергия өндірмей, тек жылумен қамтитын болады. Жұмыс орындары қысқарған соң халық жаппай көше бастайды. Азық-түлік, дәрі-дәрмек табу қиындайды. Бір сөзбен айтсақ, қалада бірде-бір кәсіпорын қалмайды. Бұрыннан істеп тұрған экономикалық байланыстар үзіледі. Мемлекет беретін ондаған мың теңге әлеуметтік төлем үшін осындай құрбандыққа бару қажет пе? Қалаға экологиялық апат аймағы мәртебесін беру мәселенің шешімі емес, бәзбіреулердің бедел жинау үшін айтқан сөзі, — деді Честных.

Биыл Шығыс Қазақстан облысының экология департаменті 65,5 млн теңгеге ауа сапасын зерттейтін жылжымалы мобильді кешен сатып алды. Қазір ол тест режимде жұмыс істей бастады. Мамандардың айтуынша, озық үлгідегі жабдықтары бар зертханада негізгі ластаушы заттарды 11 параметр бойынша анықтауға мүмкіндік беретін газ анализаторы орналасқан. Электрохимия әдістерінің көмегімен өлшеулер жылдам әрі дәл жүргізіледі. Экозертханада метеостанция бар.
Енді қалада ауа сапасына қатысты мәселе туындаса, мамандар кез келген ауданға шүғыл барып, өлшеу жүргізе алады. Зертхана ластану деңгейін анықтап, деректер бірден кәсіпорындар мен экологияны қорғау прокуратурасына жолданады. Жылжымалы экозертхана мониторинг жүйесінің маңызды элементіне айналып, Өскемендегі ауа сапасын бақылауды бұрынғыдан да тиімді әрі ашық етеді, — деді Шығыс Қазақстан облысы экология департаментінің бөлім басшысы Фархат Кінасылов.
Роман Честных Өскемен экологиясының жылдан-жылға нашарлай беруіне себеп — жауапты мемлекеттік органдардың жеткілікті деңгейде бақылау жүргізбеуі дейді. Оның пікірінше, бірінші кезекте қаладағы іргелі өндіріс ошақтары мен энергия өндіруші кәсіпорындарға экология талаптарын қатаң сақтауды міндеттеу қажет.
Былтыр қарашада ауа сапасының төмендеуіне байланысты оқушылар қашықтан оқыды. Бұл — кәсіпорындарға ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар мөлшерін азайту жөнінде ешқандай талап қойылмайтынын көрсететін нақты мысал. 2000-жылдары Өскемендегі түсті металлургия алпауыттары заман талабына сай жаңарып, зиянды заттарды сүзетін әртүрлі қондырғы қойды. Бірақ содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Қала өсіп, өндіріс дамып жатыр. Демек, жылу электр орталықтары да, өнеркәсіптер де экологияны жақсартуға бағытталған жұмысты тоқтатпауы керек. Оны тиісті органдар ұдайы бақылау ұстағаны дұрыс. Бұлардың бәрі жекеменшік иелікте және қыруар табыс табады. Экологияны жақсартуға мүмкіндігі бар. Ендеше, неге талап етпеске?! — деп күйінді Роман Честных.
Эколог әлемнің басқа елдерінде, оның ішінде Қытайда экология проблемасы қалай шешілетінін тілге тиек етті. Мәселен, халқының саны миллиардтан асатын көрші мемлекетте елді мекендерді улы газдан тазартуға үшін көліктерді қатаң реттеу, халықты қоғамдық көлікке отырғызу, көмірден бас тарту немесе байытылған көмір жағу, табиғи газ пайдалану, өндіріс орындарын қала сыртына көшіру сияқты жұмыстар жүргізген.
Бұл − өте қымбат жоба. Дегенмен осы жұмыстардың кейбірін біз де істей аламыз. Мәселен, көліктерді реттеуге мүмкіндік бар. Кәсіпорындарды сыртқа көшіре алмасақ та, заманауи тазарту құрылғыларын орнатуды талап етуге болады. Көмірден газға көшу де күрделі шаруа емес. Елде көмір қоры мол, оны байытып газға айналдыруға болады. Халықаралық тәжірибеде бұрыннан бар технология. Әрине, қомақты қаржыны талап етеді, бірақ ол адам өмірінен артық емес, − деді эколог.




