Шығыс Қазақстан облысының делегациясы жұмыс сапарымен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында болып қайтты. Осы сапар аясында екі өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, мамандар туризм саласында серіктестікті дамытуға ерекше назар аударды. F16.kz редакциясы өңір туризміне тың серпін беретін жобалар мен басым бағыттарға шолу жасады.
Кейінгі жылдары өңір билігі туризм саласына ерекше ден қойып, саланы дамытуды жүйелі түрде қолға алды. Шығыстағы табиғи ландшафтының алуан түрлілігі, бірегей экожүйелері және емдік-сауықтыру ресурстары өңірді ішкі және шетелдік туристерға аса тартымды етеді. Сарапшылардың айтуынша, ендігі басты міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, инфрақұрылымды дамытып, көп мөлшерде инвестиция тарту.
Өңірде туризмнің негізгі барлық дерлік түрі шоғырланған: экологиялық, тау, сауықтыру, жағажай және мәдени-тарихи туризм. Атап айтқан, туристік нысандар ішінде шипажай, спа-орталық, тау шаңғы курорты, демалыс базалар мен қонақ үйлер бар. Төр Алтайдың тұмса табиғаты, Катонқарағай ұлттық паркі, Марқакөл мен Зайсан көлдері, Бұқтырма су қоймасы, Рахман қайнары жылдан-жылға танымал болып, бұл жерлерге саяхатшылар көп келе бастады. Өңірдің жер жағдайы треккинг, альпинизм және экотуризм әуесқойларын да қызықтырып отыр. Мұнда жалпы аумағы 1,7 миллион гектардан асатын 24 қорғалатын табиғи аумақ бар. 2024 жылы Катонқарағай әлемдегі ең үздік үш «жасыл» бағыттың бірі деп танылды. Бұл аймақ бұғы өнімдерімен және радонды ваннасымен де әйгілі.

Былтыр Шығыс Қазақстанға шамамен 400 мың турист келген. Салаға салынған инвестиция көлемі 21,6 миллиард теңгеден асқан, ал алдағы бес жылда оны 110,3 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Облыстық туризм басқармасының басшысы Ержан Сембиновтің айтуынша, өңір болашақта жылына 1 миллионға дейін турист қабылдауға дайын және оған барлық мүмкіндік бар. Осыған орай туристік инфрақұрылымды дамытуға көрші Қытай елінен инвесторлар шақырылып отыр.
Шығыстың туристік әлеуеті жоғары екенін Премьер-министр Олжас Бектенов өңірге жұмыс сапарымен келгенде атап өткен. Сол кезде Үкімет басшысы туризмнің аймақ экономикасындағы маңызына тоқталып, нақты тапсырмалар берген.
Шығыс Қазақстан облысының экологиялық туризмді дамытуға айтарлықтай әлеуеті бар. Президент атап өткендей, туристік салаға инвесторлар тарту үшін ашық әрі қолайлы жағдай жасау қажет. Бүгінгі таңда облыста жеке инвестициялар тарта отырып, жобаларды іске асыру мәселесі пысықталуда. Осы бағытта өңір мен орталықтың күш-жігерін біріктіруді тапсырамын, – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр өңірге келетін шетелдік туристер ағынының артуына Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим оң әсер еткенін атап өткен.
Бүгінде Қытай туристеріне өңірдің табиғаты, экотуризм, емдік туризм (пантотерапия, радон ванналары) ерекше қызығушылық тудырады. Осыған байланысты қытайлық инвесторларды тарту – туризмді дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Инвесторлар үшін жағажай туризмі, қонақүй бизнесі, жол бойындағы сервис және экотуризм жобалары аса тартымды.
Облыс делегациясы құрамында Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданына барған өңірдің Кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм кеңесінің төрағасы Сымбат Рамазанов көрші елдің саяхатшылары Шығысқа табиғат тамашалау үшін ғана келмейтінін айтады.

Қытай туристері біздің елге әсем табиғатты көру үшін ғана келмейді. Биыл Қытайға барған сапарымда мен оқиғалық туризм бағытын арнайы таныстырдым. Атап айтқанда, бүркітшілер мен балықшылар фестивалі, сондай-ақ жыл сайын Катонқарағайда өтетін «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі сияқты ауқымды іс-шаралар шетелдіктердің үлкен қызығушылығын тудырды. Бұл фестивальдер туристерге ерекше әсер береді: ауқымды шоу, ұлттық ойындар, ерекше этноауылдар – мұның бәрі шетелдік қонақтарға қазақтың тұрмыс-тіршілігіне толықтай енуге мүмкіндік береді. Сондықтан оқиғалық туризм бүгінде ең өзекті әрі болашағы зор бағыттардың бірі болып отыр, – деді Сымбат Рамазанов.
Сонымен қатар сала маманы қысқа мерзімді турлар мен шопинг-туризмді жылдам нәтиже беретін тетік ретінде қарастыру керек дейді. Өйткені бұл бағыттың әлеуеті өте жоғары. Әсіресе шекараға жақын Зайсан мен Марқакөл аудандарында қолға алынса нәтижесі көп күттірмейді.
Қысқа мерзімді турлар сұранысқа ие болуы мүмкін. Шопинг-туризм бойынша біз шетелдіктерге экологиялық таза өнімдеріміз – ет, бал, сүт сияқты органикалық тауарларды, жергілікті брендтерді ұсына аламыз. Бұл әрине қытай туристеріне қызықты. Бірақ ол үшін шекаралық инфрақұрылымды жеңілдетіп, логистика мен сервисті жақсарту керек. Сондай-ақ қолайлы сауда алаңдарын дамытуға көңіл бөлінгені дұрыс. Бұл – тез нәтиже беретін бағыттардың бірі. Дұрыс ұйымдастырса, қысқа мерзімде нақты туристік ағын қалыптастыруға болады. Яғни бұл жерде ұзақ күтудің қажеті жоқ — жүйелі қадамдар болса, нәтиже де жылдам келеді, – деп қосты сарапшы.
Шет мемлекеттерге жиі саяхаттап, ол жақтағы туризмнің даму беталысын зерделеп отыратын Сымбат Рамазанов Қытайдан турист тартуда Қазақстанға Ресей мен Моңғолия бәсекелес екенін жасырмады. Бірақ біздің елдің өзіндік артықшылықтары бар дейді маман.
Қазақстан көршілес Ресей және Моңғолиямен толыққанды бәсекелесе алады, тіпті кей бағыттарда артықшылық бар. Мәселен, елдегі қауіпсіздік пен саяси тұрақтылық, визасыз режим, табиғат пен мәдениеттің үйлесімі, қазақтың бірегей этнотуризмі (бүркітшілік, көшпенді мәдениет) және басқа да ерекшеліктер қытайлық туристер үшін Қазақстанды өз бәсекелестерінен анағұрлым биік көрсетіп тұр. Сол сияқты Моңғолиямен салыстырғанда сервис деңгейін көтере аламыз. Қырғызстанмен салыстырғанда инфрақұрылымды дамыту мүмкіндігі жоғары. Ресеймен салыстырғанда бізде экзотика мен жаңа бағыт факторы бар. Қысқасы, бізде барлық алғышарт бар, тек оны дұрыс іске асыру керек. Егер жүйелі түрде жұмыс істесек, Шығыс Қазақстан тек бәсекелесіп қана қоймай, Орталық Азиядағы ең тартымды бағыттардың біріне айнала алады, – деді ол.
Өңірдің туристік әлеуеті жоғары болғанымен, оны толық іске асыруға кедергі келтіріп отырған түйткілдер де аз емес. Атап айтқанда, жол сапасының төмендігі, туристік инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы, қызмет көрсету деңгейінің халықаралық талаптарға сай келмеуі және байланыс сапасының тұрақсыздығы сала дамуын тежейтін негізгі факторлардың қатарында қалып отыр. Бұл түйткілдер шешімін таппайынша, өңірдің тартымдылығын арттыру және туристер ағынын көбейту мүмкіндігі шектеулі болмақ.




