Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында шаруа қожалықтары көктемгі дала жұмысына белсенді дайындалып жатыр. Биылғы егіс науқанының басты ерекшелігі – агроөндірісте цифрлық технологияның кеңінен енгізілуі. Ауданның бірқатар шаруашылығы өндірістік процесті автоматтандыруға көшіп, адам еңбегін жеңілдететін заманауи шешімдерді тәжірибеде қолдана бастады, деп хабарлайды F16.kz.
Солардың бірі — Аққала ауылдық округінде орналасқан «Әмірғали» шаруа қожалығы. Мұнда биыл жер жырту жұмысы алғаш рет автопилот жүйесі арқылы жүргізіледі. Трактор алдын ала белгіленген бағыт бойынша өздігінен қозғалады, ал механизатор процесті бақылап, басқару функциясын ғана орындайды.
Ауыл шаруашылығында мұндай GPS-навигация мен автопилот жүйесі кейінгі жылдары АҚШ, Германия және Канада сияқты елдерде кең таралған. Бұл технология егіс алқаптарында дәлдікті арттырып, ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Шаруашылық басшылығының айтуынша, бұл шешім ұзақ талдау мен тәжірибе алмасу нәтижесінде қабылданған.
Биыл шаруашылық басшысы Әділет Әмірғалиұлы екеуіміз болашақ даму басымдықтарын қайта қарадық. Ең басты мақсат ретінде адам факторы мен жүйелі жұмысты қатар дамытуға мән бердік. Біз автопилот пен навигациялық жүйелерді ұзақ зерттеп, өзге шаруашылықтардың тәжірибесін қарадық. Бірақ біз үшін тек жабдық сатып алу емес, сенімді серіктес пен сапалы сервисті таңдау маңызды болды, — дейді «Әмірғали» шаруа қожалығының басқарушысы Талғат Батпанов.
Қазір шаруашылықта бір трактор пилоттық режимде жұмыс істеп, алғашқы нәтижесін көрсете бастады. Бір апта сынақ жүргізілгенде жүйе тұрақты жұмыс істеген: техника белгіленген бағыттан ауытқымай қозғалған, барлық деректер онлайн режимде серверге жолданып отырған. Басшылық процесті қашықтан, тіпті мобильді құрылғы арқылы бақылаған.
Сарапшылардың бағалауынша, дәлме-дәл егіншілік технологиясы жанармай шығынын 10–20 пайызға дейін азайтып, өнімділікті айтарлықтай арттыруға септігін тигізеді.
Сынақ сәтті өтті. Сол себепті жыл соңына дейін барлық техниканы кезең-кезеңімен осындай жүйелермен жабдықтау туралы шешім қабылданды, — дейді Талғат Батпанов.
Мамандардың пікірінше, автопилот технологиясының басты артықшылығы экономикалық тиімділікпен шектелмейді. Ол механизаторлардың физикалық жүктемесін азайтып, еңбек қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға да ықпал етеді.
Мен бұл шаруашылықта 4 жылдан бері жұмыс істеймін. Қазір жұмыс процесі автоматтандырылғанына қуаныштымын. Тракторды басқару жеңілдеді, ауысым соңында бұрынғыдай шаршамайсың. Автопилотты қосамыз, техника өзі жүреді, біз тек бақылап отырамыз, — дейді механизатор Владимир Шипилов.
Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында еңбек күші тапшылығы мәселесі біртіндеп өзекті болып келеді. Сондықтан автоматтандыру шешімдері бұл олқылықтың орнын ішінара толтыра алады деген сенім мол.
Шаруашылық басшылығы адам капиталын дамытуға да басымдық беріп отыр. Олардың айтуынша, жаңа технологиялар енгізілгенімен, білікті мамандардың рөлі төмендемейді, керісінше арта түседі. Сонымен қатар басқару жүйесі цифрландырылып, процестердің ашықтығы мен тиімділігі күшейтіледі.
Ауыл жастары да агротехнологияларға қызығушылық таныта бастаған. Шаруашылықта екі жылдан бері еңбек ететін механизатор Михаил Анищенко жаңа технологиямен жұмыс істеу оңай әрі тиімді екенін айтады.
Мен техникаға бала кезімнен жақынмын. Бұл шаруашылықта жаңа технологияны тәжірибеде қолдануға мүмкіндік бар. Автопилотпен жұмыс істеу жеңіл әрі қызықты, – дейді ол.
Алайда сала мамандары ауыл жастарының бәрі бірдей агроөндірісте тұрақтамайтынын айтады. Көпшілік жеңіл жұмыс іздеп қалаға кететіндіктен, ауыл шаруашылығында кадр тапшылығы мәселесі сақталып отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл түйткілдің түйінін шешу үшін ең алдымен ауылдағы инфрақұрылымды, әлеуметтік және тұрмыстық жағдайды жақсарту қажет. Әлемдік аграрлық саясат жөніндегі зерттеулер ауылдағы өмір сапасы жақсарған жағдайда жастардың туған жерінде қалу ықтималдығы бірнеше есе артатынын көрсетеді.
Бүгінде «Әмірғали» шаруа қожалығы тек егін шаруашылығымен шектелмей, агротехнологияларды сынақтан өткізетін алаңға айналды. Биыл шаруашылық түрлі агрокомпаниялармен бірлесіп, жаңа тұқым түрлері мен өсімдік қорғау препараттарын тәжірибеден өткізіп, өңірдің климаттық ерекшелігіне ең тиімді шешімдерді анықтауға ден қойған.
Осылайша Самар ауданының диқандары ауыл шаруашылығында дәстүрлі тәсілдерден біртіндеп бас тартып, дәлме-дәл егіншілікке негізделген жаңа модельге қадам жасап отыр. Бұл үрдіс адам еңбегін алмастыру емес, оны күшейтуге бағытталған цифрлық трансформацияның басталғанын көрсетеді.




