«Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында облыс орталығында Тарбағатай ауданының мәдени күндері өтеді. Шығыстың бас шаһарына Барқытбел баурайынан базарлы жәрмеңке мен өнер керуені келе жатыр. Ауданның тарихы мен бүгінгі келбетін айшықтайтын көрме де көпшілік назарына ұсынылмақ. Сонымен қатар бұл күндері, қазақ күресі және волейбол жарыстары ұйымдастырылады, деп хабарлайды F16.kz.
30 қазан:
Іс-шара бағдарламасы бойынша 30 қазан күні сағат 9.00-де Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен Тарбағатай лигасы ұйымдастырылады.
Облыстық филармония ғимаратында сағат 14.00-де оқушылар мен студенттер арасында «Менің Қазақстаным – менің мақтанышым» атты сурет салу сайысы болады.
Дәл осы ғимаратта сағат 15:00-де көрме шымылдығы түріледі. Көрермен назарына Тарбағатай ауданының тарихы мен әлеуметтік-экономикалық жетістіктері, рухани мұралары мен туған жердің келбеті туралы бейнеролик ұсынылады.
«Бұл көрме табиғи өнімдер мен ұлттық мәдениеттің, заманауи өнер мен кәсіптің тоғысқан алаңы болады. Көрермендер Тарбағатай шеберлерінің қолөнер туындыларын тамашалап, ұлттық тағамдардар дәм татып, этно-киімдермен безендірілген фотоаймақтарда естелік суретке түсе алады» — дейді ұйымдастырушылар.
Сондай-ақ көрмеде «Tagbent» компаниясының табиғи өнімдері мен жергілікті кәсіпкерлердің бұйымдары таныстырылады.
«Ал шығармашылық алаңда суретшілер Президентіміз ұсынған 6 бағыты: «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Құрылтай – Есеп беретін Үкімет» бейнелерін қылқаламмен салады» — деп толықтырды ұйымдастырушылар.
Сағат 18.00-де Тарбағатай ауданының галаконцерті басталады. Концертте Ақжар мәдениет үйінің Халық оркестрі, Халық театр өнерпаздары, Халықтық ерлер вокалы және халықаралық фестивальдердің лауреаты «Барқытбел» этно ансамблі ұжымдары өнер көрсетеді.
31 қазан:
Сағат 07.00-де «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ашылады. Сондай-ақ осы аумақтағы сахнада ұлттық спорттық ойындар мен шағын концерт ұйымдастырылады.
Сағат 9.00-де Д.Серікбаев атындағы техникалық университеттің спорт залында волейболдан Тарбағатай лигасының жарысы өтеді.
Ал сағат 14.00 де «Maxi mall» сауда ойын-сауық орталығында Тарбағатай ауданы өнерпаздарының «Тарбағатай – заман үні» атты этностильдегі музыкалық драйв-концерті өтеді.




