Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қазір жаһандық сын-қатерлер әлдеқайда қауіпті сипат алғанын, осындай кезде қоғамда талап пен тәртіпке басымдық беру қажет екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, қазір әлем елдері арасында ақылға қонымсыз жалған айыптаулар, астыртын текетірестер күшейді, ал алпауыт, ықпалды мемлекеттердің арасында жаппай өзара сенім дағдарысы пайда болды.
Бақылаусыз, жүйесіз көші-қон ағындары әлдеқайда көбейді, бұл бірнеше еуропалық елдің қауіпсіздігіне үлкен зиян келтірді.
– Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті. Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ.
Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал «қырғи-қабақ соғыс» кезінде де болмаған еді, – деді Мемлекет басшысы.
Дәл осындай құбылмалы заманға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырды. Бұл дүние жүзінде өте сирек кездесетін құбылыс екенін атап өтті Президент.
Енді алдағы уақытта да еліміздің егемендігін нығайтуымыз керек. Бұл – қазіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу деген сөз.
Осы жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді, білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керек.
– Құрылтай депутаттарына да үмітім зор. Осындай жағдайда мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау мекемелерінің рөлі аса маңызды екені баршаңызға түсінікті. Басқаша айтқанда, қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек. Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.




