Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы негізсіз әлеуметтік жеңілдіктер мен төлемдер беру тәжірибесін сынға алды.
Президенттің айтуынша, өткен онжылдықтарда мемлекеттік басқарудағы кемшіліктерді халыққа әлеуметтік көмекті көбейту арқылы жасыруға тырысқан. Бұл ретте елде мектептер мен ауруханалар тапшылығы артып жатқанда, төлемдерді тіпті ауқатты отбасылар да алып келген.
«Өткен онжылдықтарда мемлекеттік басқарудағы қателіктер мен кемшіліктерді әлеуметтік көмекті қарқынды түрде арттыру, яғни азаматтардың көңілін табу арқылы бүркемелеу үйреншікті жағдайға айналды», — деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұндай тәжірибе қоғамда масылдық пиғылдың артуына ықпал еткенін, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі теріс пайдаланушылықтар мен сыбайлас жемқорлық схемаларына жағдай жасағанын атап өтті.
«Бюджет қаражаты есебінен адамдарға жалған жанашырлық таныту – бұл халықтың мүддесіне және елдің тұрақты дамуына қарсы бағытталған түрлі айла-шарғыларды солақайлықпен бүркемелейтін нағыз популизм», — деді Президент.
Тоқаевтың пікірінше, негізсіз жеңілдіктер мен төлемдердің шамадан тыс көптігі мемлекеттік аппараттың әлсіздігін және ұзақ мерзімді жоспарлаудың жоқтығын көрсетеді.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы әлеуметтік саясатқа деген көзқарастарды қайта қарауға шақырды.
«Сондықтан әлеуметтік саясатты түбегейлі қайта қарап, оны бір күндік мәселелерді шешуден стратегиялық мақсаттарға жетуге бағыттау маңызды. Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы», — деді Президент.
Президенттің айтуынша, әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, бұл, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын арттыру деген сөз.




