Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толық бас тартуды жоспарлаған. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.
Министрдің айтуынша, қазір ауылдардың 84 пайызында мобильді интернет қолжетімді. 3G базалық станцияларын жаңартылып, 4G-ге көшіріліп жатыр.
Қалалар мен ауылдарда 5G желісін де кеңейтіп келеміз. 2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толық бас тарту жоспарланған. Сол уақытқа қарай 4G желісі 5 291 ауылды, ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылды қамтуы тиіс. Нəтижесінде мобильді интернет елдегі ауылдардың 92 пайызында қолжетімді болады, — деді ол.
Вице-премьер әкімдіктер базалық станцияларды орнатуға жер учаскілерін уақтылы бөліп, электр желісін тартуы тиістігін баса айтты.
Бұл операторларға мобильді байланыс желісін тезірек кеңейтуге мүмкіндік береді. Алдағы міндет — республикалық жəне облыстық маңызы бар жолдардың 40 мың шақырымын мобильді байланыспен қамту. Ол үшін антенна орнатылатын 500-ден астам мұнара салу қажет. Əзірге құрылыс баяу жүріп жатыр. Жобаның инвесторы «Транстелеком» құрылысты жеделдетіп, нысандарды 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға беруі тиіс, — деді Жаслан Мәдиев.




