Қазақстанда тұрғын үйді міндетті сақтандыру жүйесі енгізілмек. Бұл заң жобасы «Стихиялық апаттардан міндетті сақтандыру туралы» деп аталады және 2026 жылдан бастап күшіне енуі мүмкін, деп хабарлайды F16.kz.
Жалпы, тұрғын үйді міндетті және ерікті сақтандырудың айырмашылығы неде және бұл төтенше жағдайларда көмектесе ме? Төменде осы сұрақтарға жауап беруге тырысамыз.
- Міндетті сақтандыру қандай қауіптерден қорғайды?
Сақтандыру тек 4 табиғи апат түріне қатысты болады, олар:
- Жер сілкінісі;
- Сел;
- Су тасқыны;
- Орман өрттері.
- Сақтандыру жарнасы қалай есептеледі?
Жарна сомасы өңірдің қауіп-қатер деңгейіне байланысты болады. Минималды жарна – 1 000 теңге, ал максималдысы – 20 000 теңге. Өтемақы мөлшері жарнадан 500 есе көп болады. Мысалы, 1 000 теңге төлеген адам 500 000 теңге ала алады. Ал 20 000 теңге төлеген жағдайда 10 миллион теңгеге дейін өтемақы алуға болады.
- Міндетті мен ерікті сақтандырудың басты айырмашылығы неде?
| Салыстыру | Міндетті | Ерікті |
| Қажеттілік | Міндетті | Тілек бойынша |
| Қамтитын қауіптер | Тек 4 түрі | Көбірек (дауыл, найзағай, қар көшкіні, т.б.) |
| Жарна есебі | Өңірлік қауіпке қарай | Мүліктің құнына қарай |
| Төлем сомасы | Белгіленген, шектеулі | Нақты шығынға байланысты |
- Міндетті сақтандыру кімге арналған?
Жаңа жүйе ең алдымен еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлеріндегі тұрғындарға арналады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, бұл аймақтар табиғи апаттарға ең осал саналады.
- Ерікті сақтандыру не береді?
Қаласаңыз, қосымша қауіптерден де сақтануға болады (мысалы, дауыл, су құбыры жарылуы, көршілерге зиян келтіру).
Ерікті сақтандыру полисі бойынша өтемақы мөлшері жоғалған мүліктің бағалануына байланысты. Мысалы, Freedom Insurance өз сайтында ерікті сақтандыру үйдің ішкі әрлеуін, тұрмыстық техниканы, жиһазды және тіпті көршілер алдындағы жауапкершілікті де қамтитынын хабарлайды. Егер күтпеген жағдай орын алса, сақтандыру компаниясы жөндеу жұмыстарын төлейді.
- Қандай жағдайда сақтандыру төленбейді?
Ал төмендегідей жағдайларда ерікті сақтандыру бойынша төлем берілмеуі мүмкін:
- Үй иесі мүлікті құтқаруға әрекет жасамаса;
- Шығынды растайтын құжаттарды бермесе;
- Өкілдерді үйге кіргізбесе;
- Басқа көздерден өтемақы алғанын жасырса.
Ал міндетті сақтандыруда мұндай шарттар әлі нақты көрсетілмеген.
Қорытынды: Міндетті сақтандыру не береді?
Табиғи апат болған жағдайда азаматтарға ең қажетті көмекті береді. Бұл әлеуметтік әділеттілік үшін, әсіресе ауыл тұрғындары мен аз қамтылғандар үшін маңызды. Уақыт өте келе бұл жүйе тұрғын үйді қалпына келтіруді де қамтитын болады.




