Биылғы 31 тамыздан бастап Қазақстанда несиесін мерзімінен бұрын немесе ішінара өтеген жеке тұлғаларға салынатын айыппұлдар алынып тасталады, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, енді азаматтар қарыздарын кез келген уақытта ешқандай айыппұлсыз жаба алады. Бұл шаралар тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған және тек жаңа несиелік шарттарға қатысты.
Соңғы жылдары қолданыстағы заң бойынша еліміздегі банктер несиені мерзімінен бұрын өтеген азаматтарға айыппұл салуға құқылы болатын. Себебі қарапайым – мерзімінен бұрын жасалған төлем пайыздық табысты азайтады, ал бұл банк үшін тиімсіз.
Қазақстандықтар басым көпшілігі бұл тәжірибені әділетсіз деп санайды. Соған қарамастан, көп жағдайда халық несиелерін ерте жабуға тырысады. Өйткені бұл – артық төлемнен құтылудың және отбасы бюджетіне түсетін салмақты азайтудың бірден-бір жолы. Алайда, табыстың тұрақсыздығы, күтпеген шығындар мен өзге де қаржылық қиындықтар несиені әрдайым ерте төлеуге мүмкіндік бере бермейді.
– 2025 жылдың 31 тамызынан бастап заңнамада маңызды өзгерістер күшіне енеді. Енді жеке тұлғалар үшін несиені мерзімінен бұрын немесе ішінара өтеуге қатысты айыппұлдар қолданылмайды. Яғни, қарапайым азаматтар банктер тарапынан қосымша санкциясыз кез келген уақытта өз қарыздарын жаба алады. Айыппұлдар тек заңды тұлғаларға, яғни компанияларға ғана сақталады, – деп жазады дерек көзі.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мамандары бұл өзгерістер қарапайым қазақстандықтардың құқықтарын күшейтуге бағытталғанын айтуда.
– Қазір біздің азаматтар қаржылық сауаттылық деңгейінің артуына байланысты, қаржы операцияларының шарттарын жақсырақ түсіне бастады. Олар мерзімінен бұрын өтеудің тиімді екенін біледі. Сондықтан, осы тиімділікті жоюға жол бермеу мақсатында азаматтар үшін айыппұлдар мен комиссияларды алып тастау көзделді, – дейді мамандар.
Заңдағы өзгерістер тек жаңа несиелік шарттарға қолданылады. Егер бұрын жасалған несиеде мерзімінен бұрын өтеу үшін айыппұлдар немесе комиссиялар қарастырылған болса, қарыз алушы банкке шарттарды қайта қарастыру туралы өтінішпен жүгіне алады.
Қаржыгерлердің пікірінше, бұл шаралар қазақстандықтарға, тіпті қиындық тудырған несиелер бойынша да, төлем жасауды жеңілдетуге көмектеседі.
Айта кетейік, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, тек өткен жылдың өзінде қазақстандықтардан банктерге қатысты 35 мыңға жуық шағым келіп түскен. Бұл шағымдардың басым бөлігі несиелік өнімдерге және заңнама бойынша түсіндіруге қатысты болған.




