Шығыс Қазақстан облысының Топқайың ауылында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне дайындық жұмыстары қызу жүргізілді, деп хабарлайды F16.kz.
Биыл туғанына 90 жыл толған қазақтың қабырғалы қаламгері Қалихан Ысқақтың кіндік жұртында бүгін поэзия фестивалі өтеді. Жырдан дауыл тұрғызған шайырлардың аламанын жоғары деңгейде өткеру үшін барлық жағдай жасалды. Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері ашық аспан астында, тамаша табиғат аясында сахна құрып, көрермендер отыратын орындықтар орнатты. Санитарлық талаптарға сай дәретханалар да салынды.
Катонқарағай ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қайрат Жүнісов пен учаскелік полиция инспекторы Сырым Шамалханов Топқайың ауылын аралап, тұрғындармен сөйлесті. Ауылды абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және көшелердің эстетикалық келбетін жақсарту мақсатында әңгіме өрбіді. Атап айтқанда, жеке тұрғын үйлердің қоршауларын ретке келтіру, маңайдағы тазалықты сақтау және көркейту мәселелері қозғалды.
Осы орайда Топқайың ауылына кіреберістегі арка боялып, аялдамаға қоршау орнатылды.
Сондай-ақ Белқарағай ауылына төтенше жағдайлар бөлімінің тапсырмасы бойынша инертті материалдар жеткізілді. Аталған жұмысты Белқарағай ауылдық округінің әкімі Айбек Елшібеков жеке бақылауына алып, тікелей өзі ұйымдастырды.