Жаңадан құрылған Катонқарағай ауданының орталығы күн санап көркейіп, дамып келеді. Табиғаты көз тартар Алтай өңірінің жүрегінде орналасқан бұл мекеннің бүгінде тынысы кеңіп, заманауи келбетке ие болды. Инфрақұрылым дамып, тұрғындардың өмір сүру сапасы артта түсті, деп хабарлайды F16.kz.
Жуырда ғана орталық алаңға орнатылған LED-экран – осы игі істердің бір көрінісі. Енді тұрғындар мен қонақтар түркі әлемінің алтын бесігі саналатын киелі өлкеде өтетін мәдени іс-шаралардың бағдарламасымен танысып қана қоймай, ашық аспан астында ұлттық салт-дәстүрді ұлықтайтын көріністерді, этнофестиваль мен концертті тамашалауға мүмкіндік алып отыр. Сонымен қатар халықтың қызығушылығын оятатын ұлттық спорт түрлерінің барысы да осы үлкен экран арқылы көпшілікке тікелей көрсетіліп, мерекелік көңіл-күйді еселей түседі.
Бұл жаңашылдықтар Катонқарағайдың дамуға бет алғанын, рухани әрі мәдени тұрғыда жаңа деңгейге көтерілгенін аңғартады. Жергілікті жұртшылық үшін бұл тек ақпарат көзі емес, бірлік пен ынтымақтың, салт-дәстүрдің айнасы іспетті ортақ рухани алаңға айналатыны сөзсіз.
LED-экран арқылы жергілікті тұрғындар мен қонақтар Катонқарағай ауданындағы орналастыру және тамақтану орындары туралы қажетті мәліметтерді біле алады. Қонақ үйлер, демалыс базалары, дәмханалар мен мейрамханалар жөніндегі ақпарат, олардың байланыс нөмірлері мен мекенжайы экранда ұдайы көрсетіліп отырады. Арнайы ұйымдастырылған колл-орталықтың мәліметі де осы жерден көрініп, туристер мен келушілерге қажетті қызметтерді жылдам әрі ыңғайлы табуға мүмкіндік береді.
Бұл жаңашыл бастама жергілікті кәсіпкерлер үшін де тиімді байланыс құралына айналып отыр.