Өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтап, ішінара өңдеп, фермерден тұтынушыға делдалсыз сатуға мүмкіндік беретін «Алтай» көтерме-тарату орталығын шілде айында ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды F16.kz.
Бірегей нысан облыстағы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға, дамытуға септігін тигізеді.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер бағасын тұрақтандыру мақсатында түрлі шаралар қолға алынып жатыр. Мәселен, «Алтай» көтерме-тарату орталығына 245–260 теңгеге 175 тонна картоп сатып алынды.
Осы шаралар аясында «Ертіс» ӘКК» АҚ мен «A Store», «Дина» ОРК сауда желілері және Өскемен қаласындағы бірқатар дүкендер арасында картопқа сауда үстемесі 15%-дан аспайтын бағамен сату туралы меморандумдар жасалды.
Сонымен қатар «Ертіс» ӘКК келесі серіктестермен көкөніс пен бакалея өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында қарыз беру туралы келісімдер жасады: Бұл
– «Батай» шаруа қожалығымен – 386 млн теңгеге,
– «Жаса и К» ЖШС-мен – 734 млн теңгеге,
– «Мәді» ШҚ-мен – 388 млн теңгеге картопқа қатысты келісімдер.
Бағаларды бақылау мақсатында қала және аудан әкімдіктері күнделікті сауда үстемесінің 15%-дан асып кетпеуін қадағалау үшін мониторинг жүргізіп отырады. Облыс бойынша 1000-нан астам көтерме сауда өкілдері, сауда нысандары және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен 15%-дық сауда үстемесін сақтау жөнінде меморандумдар жасалған.
Жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатында облыс аумағында 227 әлеуметтік бұрыш жұмыс істейді және 263 жеңілдетілген сауда орны тегін немесе төмен бағамен ұсынылған
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі