Катонқарағай ауданында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль өз мәресіне жетті.
Көптің көңілінен шыққан ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен және шет мемлекеттен 10 мыңға жуық турист келіп қатысты.
Фестиваль бағдарламасында ұлттық спорт түрлерін дамытуға, оның ішінде тарихи-мәдени мұрамыздың ажырамас бөлігі болып табылатын ат спортына ерекше назар аударылды. Аламан бәйге жарысы өтіп, онда Тарбағатайдың сәйгүлігі топ жарты. Жаңа автокөліктің кілтін және екінші, үшінші орын иегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталды. Фестиваль аясындағы ұлттық спорт ойындары біз дәстүрді келесі ұрпаққа қандай мақтанышпен және құрметпен жеткізіп жатқанымызды айқын көрсетті, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Фестиваль барысында облыстың әр ауданы киіз үй тігіп, қонақтарға өз өңірінің туристік әлеуетін таныстырып, ұлттық тағамдардан дәм үсынып, ұлы дала рухын сезінуге мүмкіндік берді.
Халықаралық музыкалық фестивалінде елімізге белгілі әншілер мен 10 елден арнайы келген өнер жұлдыздары жиналған жұртшылықтың көңілін көтерді.
Алтайдың абыройын асқақтатқан халықаралық фестиваль осылайша өз мәресіне жетті.