Шығыс Қазақстан облысында «Ата-баба ізімен» атты қолөнер туры басталды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Тур аясында Астанадан және Қырғызстан, Моңғолия елдерінен келген 13 қолөнер шебері өз бұйымдарынан көрме ұсынып, тегін шеберлік сағаттарын өткізеді.
Мен өзім Үлкен Нарын ауданының Үштөбе ауылында тудым. Сондықтан өз әріптестерімді, Астанадағы қолөнершілер ұйымының өкілдерін осы өңірге әкелдік. Олардың ішінде алаша тоқитын, қазақи етік тігетін шеберлеріміз бар. Жобаны өткізуге үлкен қолдау көрсетіп жатқан қалалық Креативті индустрияны дамыту орталығына алғысымыз ерекше, — деді жобаның негізгі идея авторы, қолөнерші, суретші Жанат Нұрсадықова.
ИСПАНИЯДА КӨРМЕ ӨТКІЗГЕН ҚОЛӨНЕРШІ
Игі бастаманың шымылдығы Өскемендегі Арбатта түрілді. Креативті индустрияны дамыту орталығы директорының орынбасары Назым Шайзанованың айтуынша, әрбір шебер креатив өкілі болғандықтан бұл оларға үлкен мүмкіндік әрі шығармашылық байланысты нығайтуға жол ашатын қадам.
Жобаға қатысушылардың бірі – Тарбағатай ауданының тумасы, суретші, қолөнер дизайнері, зергер Сержан Баширов. Ол бірнеше халықаралық көрмеге қатысып, өз бұйымдарын ұсынған. Сондай-ақ биыл көктемде Испанияның Толедо қаласында жеке көрмесін өткізген. Көрмеге күмістен, ағаш пен сүйектен жасалған жүзік, білезік, сырға, алқа сынды әшекей бұйымдарын әкеліпті.
ДИМАШҚА ЕТІК ТІККЕН ШЕБЕР
Келушілер назарын аударған шеберлердің бірі – Алматы қаласынан келген Әсел Өмірбекова. Ол былғарыдан ұлттық нақыштағы аяқ киімдер тігумен айналысады. Qadam KZ атты брендтік атауы бар қазақи нақыштағы етіктерді тігуге қойдың жүні, сиырдың терісі қолданылатын көрінеді. 2019 жылы әнші Димаш Құдайберген аталған брендтің аяқ киімін Нью-Йорктегі концертінде сахнаға киіп шыққан. Кәсіпорын шетелдік көрмелерге де жиі қатысады.
Шеберлердің көрмесі 20 маусымда Үлкен Нарын ауданында, 21 маусымнан бастап Катонқарағай ауданының тарихи және туристік орындарында жалғасады.