Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің киберқылмыспен күрес басқармасы өңірдегі банктердің мамандарымен кездесу өткізді. Іс-шараға ForteBank, Kaspi Bank, \»Халық банкі\» \»Еуразиялық банк\», \»Береке банк\» және \»Отбасы банкінің\» өкілдері қатысты, деп хабарлайды F16.kz.
Кездесу барысында қаржы секторындағы киберқауіпсіздік мәселелері, интернет-алаяқтықпен күресте бірлескен іс-қимыл тетіктері және құқық қорғау органдары мен банктер арасындағы өзара әрекеттестікті нығайту жолдары талқыланды.
Іс-шараға сондай-ақ Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Өскемендегі өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Владимир Зуев қатысты. Ол банктер мен полиция тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, клиенттерді киберқауіптен қорғау мәселелері бойынша түсініктеме берді.
Сонымен қатар агенттік пен қаржы ұйымдары арасындағы болашақ ынтымақтастық бағыттарын таныстырды.
Кездесу диалог форматында өтті. Банк өкілдері киберқылмыстарға қатысты өз тәжірибелері мен туындаған мәселелерін ортаға салып, полиция қызмет нақты ұсынымдар мен түсіндірмелер берді.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар өзара ынтымақтастықты жалғастыру, аналитикалық деректермен алмасу және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолданатын ұсыныстар әзірлеу туралы мәмілеге келді.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі