Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жыл басынан бері құрылыс саласындағы заңдылықтың сақталуына қатысты ауқымды бақылау-қадағалау жұмыстарын жүргізіп келеді. Нәтижесінд, заң талаптарын бұзу фактілеріне қатысты 284 әкімшілік іс қозғалып, 89 млн теңге көлемінде айыппұл салынған, деп хабарлайды F16.kz.
Бақылау-қадағалау жұмыстарының аясында басқарма жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Осы орайда құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзу фактілеріне қатысты 284 әкімшілік іс қозғалған.
Жалпы сомасы 89 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. Одан бөлек, құрылыс саласындағы талаптарды бұзған субъектілерге қатысты бірқатар шара қабылданды. Атап айтқанда, 133 лицензияның қолданылуы 6 ай мерзімге тоқтатылды, тағы 9 құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды. Анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы 133 нұсқама беріліп, талаптарға сәйкес келмейтін 12 объекті бойынша демонтаждау жұмыстары жүргізілді, — дейді облыстық мемдекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Самат Қайырдинов.
Бүгінде облыс орталығында 34 тұрғын үй кешені салынып жатыр. Осы орайда «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңының талаптарын сақтау мәселесі тұрақты бақылауға алынған.
Әлеуметтік желілерге де тұрақты мониторинг жүргіземіз. Бұл жұмыс заңсыз құрылыс нысандарын, үлестік қатысу талаптарын бұзу белгілерін дер кезінде анықтауға бағытталған, — деді басқарма өкілі.
Айта кетейік, биыл 1 шілдеден бастап ҚР Құрылыс кодексі күшіне енді. Жаңа құжат құрылыс саласын мемлекеттік реттеуді жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды өзгерістерді қамтиды.
Солардың бірі – объектілерді қабылдау рәсіміне мемлекеттік құрылыс инспекторларының міндетті түрде қатысуы.
Енді инспекторлар объектінің пайдалануға дайындық деңгейін бағалау кезінде оның нақты орналасқан жеріне барып, тиісті бақылау жұмыстарын жүргізеді.




