Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығының мәселесі кезең-кезеңімен шешілетін болды. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар Instagram желісіндегі парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін біздің редакция тілшісі елішінде «бірінші қалалық аурухана» аталып кеткен медициналық орталықта болып, ондағы проблемалар туралы жазған.
Жуырда Ж.Омардың қатысуымен медициналық алқа отырысы өтіп, онда денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, ерекше назар аударуды қажет ететін бағыттар анықталды. Міне, осы келелі кеңесте «бірінші қалалық аурухананың» жағдайы да талқыланды.
Алдағы 10 күнде облыстың денсаулық сақтау басқармасы нақты іс-қимыл жоспарын әзірлейді. Онда мына мәселелер қамтылады: қызмет сапасын арттыру, мамандармен жұмыс істеу, инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі шаралар, жабдықтарды, жиһаздарды жаңарту және материалдық-техникалық базаны нығайту.
Сондай-ақ алқалы жиында скринингтік тексерумен қамту және вакцина салу көрсеткіштерін жақсарту, өлім—жітімді азайту сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Фото: F16.kz