Өскеменнің шеткі аудандарында шешімін таппай келе жатқан мәселе көп. Тұрғындар осыған дейін жол мен ауызсудың жоқтығын айтып әлеуметтік желіге видео жүктеп, жергілікті биілікке шағымдарын жеткізген, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Шаһар басшысы Алмат Ақышов 20 және 21 шағын аудандардың тұрғындарымен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдады. Тұрғындардың айтуынша, мұндағы ең өзекті мәселе – ауызсу.
Шағын аудандарда қордаланған мәселе көп. Бұл жер учаскелері ешқандай инфрақұрылымсыз берілген. Біздің ендігі мақсат – жылдар бойы жиналған мәселені тез арада шешу. Халықпен кездесіп, келісімге келдік. Кезең-кезеңімен барлығын шешуге тырысамыз. Ауыз су осы айдың соңына дейін беріледі. ТҮКШ, ЖК және АЖ, құрылыс, сәулет бөлімдерінің басшыларына және тиісті ұйымдарға нақты тапсырмалар берілді, — деді қала әкімі.
Қазір Иванов көшесінде орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жергілікті билік өкілдері жақында кейбір учаскелерде қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, ескі құдықтар алынып тасталатынын айтты.
Айта кетейік, ел Президенті 2025 жылы халықты 100% сапалы ауыз сумен қамтуды тапсырған болатын.