«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Тарбағатай аудандық ауруханасында күрделі жөндеуден өткен босану бөлімшесі ашылды, деп хабарлайды F16.kz.
Аталған бөлімше 1976 жылы көпсалалы ауруханамен бірге салынған, содан бері бұл ғимаратта күрделі жөндеу жүргізілмеген.
Сонымен қатар перинаталдық көмектің екінші деңгейіне көшу мақсатында 280 млн теңгеге медициналық аппараттар мен құрал-жабдықтар сатып алынды. Оның ішінде электрокардиограф, электрохирургиялық пышақ, электрокоагулятор, функционалдық кереуеттер, УДЗ аппараты, мониторлар, тыныс алуды жасанды қамтамасыз ету (ИВЛ) құрылғылары және басқа да заманауи құралдар бар.
Бөлімше арнайы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай жеке операциялық бөлмемен жабдықталған.
Босану бөлімшесі 15 төсек-орынға есептелген. Оның құрамына жүкті әйелдерге, босанған аналарға және жаңа туған нәрестелерге күтім көрсетуге арналған палаталар бар. Мұнда акушер-гинекологиялық және неонатологиялық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған.