Шығыс Қазақстан облысы халқының саны жылдан-жылға кеміп бара жатыр. Былтырдан бері өңірде халық саны 3 мың адамға азайған, деп хабарлайды F16.kz.
Ұлттық статистика бюросы ұсынған ресми мәліметке жүгінсек, 2025 жылғы 1 мамырда облыста 722,5 мың адам тіркелген, оның 486,3 мыңы (67,3%) – қалада, 236,2 мыңы (32,7%) ауылдық жерде тұрады.
Халықтың табиғи кемуі 2025 жылғы қаңтар-сәуір айларында 297 адамға жетті (былтыр осы кезеңінде халықтың табиғи өсуі 66 адам болған). Дәлірек айтсақ, биылғы төрт айда Шығыс топырағында дүниеге келген сәбилердің саны былтырғы осы кезеңдегіден 17,7%-ға кем түсіп отыр.
Ресми статистикаға көз жүгіртсек, кейінгі 15 жылда облыс халқының саны 19 мың адамға азайған. 2010 жылы Шығыс Қазақстан өңірінде 742355 адам тұрғылықты тіркелсе, қазір олардың саны 722,5 мыңның үстінде.
Президент тапсырмасымен жаңадан құрылған шекарадағы Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай аудандарында да тұрғындардың үдере көшуі тоқтамай тұр. Мәселен, былтырдан бері Марқакөл ауданында халық саны 434 адамға, Катонқарағайда – 337, Тарбағатайда 603 адамға азайған.
Демограф Аяулым Сағымбаева халықтың ауылдан жаппай көшуіне бірінші кезекте жұмыссыздық әсер ететінін айтады.
Ауылдарда жұмыс орны жоқ, жалақы дұрыс емес, инфрақұрылым нашар. Сондықтан адамдар жайлы тұрмыс іздеп қалаға көшеді. Бұл жағдай еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне және басқа да салаларға кері әсер етеді. Мәселені шешу үшін әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті жою керек, – деді Аяулым Сағымбаева.