Күршім ауданында жергілікті тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған «Орақ пен балға» учаскесін абаттандыру жұмыстары қызып тұр. Қазір Бұқтырма жағалауында орналасқан бұл жерде ауқымды жоба жүзеге асырыла бастады, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
ЕЛ НАЗАРЫН АУДАРАТЫН ЖАҢА ПИРС
Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлбеков мәлім еткендей, жағалауда толық инфрақұрылымы бар муниципалдық демалыс орны ашылар күн алыс емес.
– Мұнда жергілікті тұрғындардан бөлек, көрші облыстардан да келіп демалатындар аз емес. Және келушілердің қатары жыл өткен сайын артуда. Бірақ, бұған дейін аталмыш учаскеде демалушыларға ешқандай жағдай жасалмаған еді. Осыны ескере келе, Бұқтырма жағалауында жаңа туристік жобаларды жүзеге асыруды мақсат еттік, – дейді аудан әкімі.
Белгілі болғандай, демалыс аймағын дамытуға арналған инфрақұрылымдық жұмыстар биыл басталған. Жоба аясында аумақ толық абаттандырылып, келушілерге қажетті жағдай жасалады.
Жобаның бастапқы кезеңінде көлік тұрағы салынып, су және электр желілері тартылмақ. Бұған қоса, ерекше архитектуралық шешім ретінде жағажай аумағында домбыра пішініндегі шомылу пирсін салу көзделіп отыр. Мұндай нысан өңірдің ұлттық болмысын айқындап, туристердің ерекше қызығушылығын тудырары сөзсіз.
ТУРИСТЕРДІ ЖЫЛ ОН ЕКІ АЙ ҚАБЫЛДАЙДЫ
Аудан басшысы Мейіржан Әлбековтің айтуынша, жағалаудағы бірқатар жер учаскесі кәсіпкерлерге берілген. Қазір мұнда демалыс үйлерін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта ұйымдастырылатын конкурстар арқылы тағы да бірнеше учаске қонақүй, дәмхана және басқа да қызмет көрсету нысандарын салу мақсаттарына ұсынылатын болады.
– Аталған аймақ тек жазғы емес, қысқы демалыс түрлері үшін де қолайлы. Сондықтан төрт мезгілге лайықты қызмет көрсету жүйесін қалыптастыруға күш саламыз, – дейді әкім.
Бұл бастамалар өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті халық үшін қажетті жаңа жұмыс орындары ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауданда кәсіпкерлік белсенділік те жандана түсуге тиіс.
Еске салайық, Күршім ауданында туризм саласына қатысты бірқатар жоба жүзеге асырылып жатқаны туралы бұған дейін де жазған болатынбыз.