Былтыр Қазақстанға шет мемлекеттерден 15 миллионнан астам турист келіп қайтқан. Бұл жөнінде бүгін Үкімет отырысында ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, Қазақстанның туристік саласы жыл өткен сайын дамып, өз әлеуетін арттыруда. Мәселен, 2024 жылы ішкі туристер саны 10,5 миллион, ал шетелдік келушілер үлесі – 15,3 миллион адамға жеткен. Бүгінде 87 ел үшін визасыз режим қарастырылған, 107 шет мемлекеттің азаматтары визаны электронды түрде рәсімдей алады.
Ал ішкі істер министрі Ержан Сәденов ведомство тарапынан туристер үшін қолайлы жағдай жасау бойынша барлық қажетті жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, олардың біздің елге кіру және болу рәсімдері жеңілдетілген. Бүгінде шетелдіктер тіркелу үшін полицияға барудан босатылды, қабылдаушы тарап бұл рәсімдеуді онлайн жүзеге асыра алады.
Шетелдік қонақтар үшін қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде қажетті және пайдалы ақпаратты қамтитын арнайы мобильді сайт іске қосылды. Өңірлерде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шет тілдерін меңгерген туристік полиция қызметкерлері жұмыс істейді.