Қазіргі еңбек нарығындағы басты дилемма – теория мен практиканың алшақтығы. Жыл сайын мыңдаған түлек диплом алғанымен, жұмыс берушілердің «дайын маман таппаймыз» деген уәжі басылар емес. Алайда Шығыстың бас қаласында бұл мәселенің шешімі жаңа форматта көрініс таба бастады. С.Аманжолов атындағы ШҚУ базасында өткен «Human Capital – 2026» облыстық мансап форумы өңірдегі білім мен бизнестің жай ғана таныстығы емес, стратегиялық одағына айналғанын көрсетті, деп хабарлайды F16.kz.
СҰРАНЫС ПЕН ҰСЫНЫСТЫҢ ТОҒЫСУЫ
Бүгінде еңбек нарығы жылдам өзгеріп жатыр. Цифрландыру, автоматтандыру және жасанды интеллект дәуірінде университет қабырғасында алған білімнің ескіру уақыты да қысқарып барады. Сондықтан жоғары оқу орындары мен бизнес арасындағы байланыс тек «тәжірибеден өту» шеңберінен шығып, «маманды бірлесіп даярлау» деңгейіне өтті.
Өскеменде өткен форумның басты месседжі де осы – жұмыс беруші енді сырттай бақылаушы емес, ол білім беру бағдарламасын жасақтаушы, лектор және болашақ қызметкерінің тәлімгері. Форум аясында қол қойылған келісімшарттар құрғақ уәде емес, кадрлық резерв алдын ала жоспарланатынын көрсетті. Бұл құжаттар арқылы университет өңірге қанша инженер, экономист немесе IT-маман қажет екенін нақты біліп отырады, ал кәсіпорындар кадрлық тапшылықтың алдын алады.
«ҮЗДІК ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР» АНЫҚТАЛДЫ
Форум барысында «Үздік жұмыс беруші – 2026» номинациясымен марапатталған мекемелердің құрамына үңілсек, Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық келбетін көруге болады. Облыстың іргелі кәсіпорындарының бірінен саналатын «Казцинк» ЖШС-ға университетпен серіктестік орнату бизнес-үдерістің ажырамас бөлігі деуге болады. Өндіріс орындарында студенттердің дуалды оқыту жүйесімен білім алуы олардың зауыт жағдайына ерте бейімделуіне мүмкіндік береді.
Ал ШҚО төтенше жағдайлар департаменті мен экономикалық тергеп-тексеру департаментінің белсенділігі – мемлекеттік қызметке жаңашыл, креативті кадрлар тартудың маңыздылығын байқатты.
Өскемендегі №15 мектеп пен Пушкин атындағы облыстық кітапхананың марапатталуы – адами капиталдың тек техникалық емес, гуманитарлық және мәдени бағытта да маңызды екенін дәлелдеді.
БІЛІМ МЕН ТӘЖІРИБЕНІҢ СИНТЕЗІ
Облыстық Кәсіпкерлер палатасының базасында ашылған экономика кафедрасының филиалы классикалық білім беру жүйесіне жасалған сәтті қадам болды. Кәсіпкерлер палатасының өкілі Әсет Адылхан атап өткендей, университет нарыққа икемделудің жоғары деңгейін көрсетіп отыр.
Жоғары оқу орнының басшылығына жоғары баға мен марапат үшін алғыс білдіреміз. Бүгінде бұл оқу орны өңірдегі еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып мамандар даярлауда көш басында келеді. Университет жаңа мамандықтар ашып, білім беру бағдарламаларының мазмұнын еңбек нарығына бейімдеп өзгертіп жатыр. Мамандар оқып жүргенде-ақ сұранысқа ие болуға тиіс, бұл дуальды оқыту жүйесі мен кәсіпорындармен тығыз байланыс арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар Кәсіпкерлер палатасы базасында экономика кафедрасының филиалы ашылып, онда студенттер тәжірибеден өтіп, нақты дағдыларды меңгеріп жатыр, — деді Әсет Адылхан.
Оның айтуынша, филиал жұмысы студенттерге кабинетте отырып теория жаттаудан гөрі, нақты бизнес-кейстерді шешуге, кәсіпкерлік мәселелерін зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл жерден студент экономист дипломын ғана алып шықпайды, нарықтың нақты сұранысын түсінетін білікті маман болып қалыптасады. Дуалды жүйе – бұл студентке жұмысқа орналасу кепілдігі, ал университетке бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші.
ЭКСПРЕСС—СҰХБАТТАН МАНСАПҚА ДЕЙІН
Форум аясында өткен бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне өңірдегі 60-тан астам жұмыс беруші қатысты. Бұл облыстағы еңбек нарығының шынайы айнасы. Мұндағы экспресс-сұхбат барысында студенттерге жұмысқа нақты ұсыныстар болды. Статистикаға сүйенсек, мұндай шаралар нәтижесінде түлектердің 30-40%-ы алғашқы жұмыс берушісімен танысады.
«Human Capital – 2026» форумының қорытындысы бір ақиқатты айқындап берді: Шығыс Қазақстанның кадрлық әлеуеті – бұл тек университеттің немесе тек бизнестің шаруасы емес. Бұл – ортақ жауапкершілік. Университет нарыққа икемделіп, жаңа мамандықтарды батыл енгізуге тиіс, ал бизнес қауымдастық студенттерді оқытуға инвестиция салудан қашпағаны абзал.
Өскемендегі бұл тәжірибе – аймақтың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты тетік. Егер біз мамандарды бүгін бизнеспен бірлесіп дайындасақ, ертеңгі күні «кадр тапшылығы» деген сөз болмайды. Шығыс Қазақстанның адами капиталы – аймақтың басты байлығы, ал оны тиімді пайдалану жолындағы университет пен бизнес альянсы өзінің жемісін бере бастады.




