Қазақстанда тегін заңгерлік көмек көрсететін жаңа мобильді қосымша іске қосылады, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл туралы брифингте әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл цифрлық сервисте құқықтық көмекке қатысты түрлі функциялар біріктірілмек. Мысалы, қолданушылар өздерінің елден шығу мүмкіндігін тексеріп, заңгер немесе адвокатты таңдап, сенімхат ресімдей алады. Сонымен қатар, қосымша арқылы тегін заң кеңесі алу да мүмкін болады.
Азаматтар видео немесе аудио байланыс арқылы заңгерлермен тікелей сөйлесе алады. Сонымен қатар жүйеге жасанды интеллект негізіндегі чат-бот енгізіледі. Егер пайдаланушы белгілі бір сұрақты маманға қоюға ыңғайсызданса, оны ботқа жаза алады, ол заң аясында жауап береді, – деді Молдабеков.
Аталған чат-бот ChatGPT технологиясына негізделгенімен тек Қазақстан заңнамасына сәйкестендірілген түрде жұмыс істейді. Мобильді қосымшаны биылғы шілдеде іске қосу жоспарланып отыр.