Жыл басынан бері еліміздегі Апаттар медицинасы орталығының мамандары төтенше жағдайлар орындарына 3 464 мәрте шығып, 753 зардап шеккен адамға шұғыл медициналық көмек көрсеткен, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгінде Апаттар медицинасы орталығы төтенше жағдайларға тап болған азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау бойынша маңызды міндеттерді атқарып келеді. Орталықтың мамандары табиғи, техногендік апаттар және жол-көлік оқиғалары секілді әртүрлі төтенше жағдайларға жедел әрекет етеді.
– 2025 жылдың басынан бері орталық филиалдарының бригадалары төтенше жағдайлар орындарына 3 464 мәрте шықты. 753 зардап шеккен адамға шұғыл медициналық көмек көрсетілді, оның 102-сі емдеу мекемелеріне жеткізілді, – деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметінен.
2011 жылдан бастап елімізде «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасы аясында көліктік медицинаны өркендету бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде. 2012-2014 жылдар аралығында республиканың қауіпті автожол учаскелерінде 41 трассалық медициналық-құтқару пункті кезең-кезеңімен іске қосылып, бүгінде тұрақты жұмыс істеп келеді. Бұл зардап шеккендерге оқиға орнында жедел медициналық көмек көрсету және оларды емдеу мекемелеріне санитарлық көлікпен жеткізу мүмкіндігін едәуір арттырды.
2025 жылы трассалық медициналық-құтқару пунктінің бригадалары 745 шақыртуға шығып, 800 адамға медициналық көмек көрсеткен, 493 адам ауруханаларға жатқызылған. Сонымен қатар, қар құрсауында не басқа да себептермен жолда қалып қойған 11 адам құтқарылғанын айту керек.