Елордадағы «Қазақ Елі» алаңында Мемлекет басшысы — Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтіп жатыр.
Салтанатты іс-шара «Қазақ Елі» монументі алдындағы алаңда өтіп жатыр. Парадқа 4 000-нан астам әскери қызметші жұмылдырылды. Оған қоса, қала тұрғындары мен қонақтары 200-ден астам заманауи әскери техника мен қару-жарақты, әскери-көлік авиациясының 66 ұшағы мен тікұшағын тамашалай алады.
Әскери шеруге елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам, сондай-ақ дипломатиялық корпустың өкілдері де келді.
Айта кету керек, бүгінгі таңда ел аумағында 105 соғыс ардагері бар. Олардың арасынан парадқа арнайы келіп қатысып отырған ардагерлер де бар.
Өскемен қаласынан әскери шеруге Ұлы Отан соғысының ардагері Құрмат Рахимов қатысып жатыр.
Шеру облыс орталықтарында орналасқан LED экрандар арқылы және республикалық телеарналардан көрсетіледі.