Тараздың төріндегі «Талбесік» этноорталығында белсенді ауыл жастары бас қосты. «Ауыл» партиясының бастамасымен ұйымдастырылған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге қатысушы жиналған, деп хабарлайды F16.kz.
Форумның негізгі мақсаты – ауыл жастарының әлеуетін ашу, көшбасшылық қасиеттерін дамыту және өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев ашты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Одан бөлек, мемлекеттік саясат жас ұрпақтың әлеуетін толық ашуға, өз идеялары мен бастамаларын жүзеге асыруға, жан-жақты өзін-өзі дамытуына және жеке әрі ел дамуына үлес қосуына жағдай жасап келеді. «Auyl Jastary» республикалық форумы да осы мақсатта қолға алынып отыр. Бұл – еліміздің барлық өңірлерінен келген дарынды әрі бастамашыл жастарды біріктіретін, тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар қалыптастыруға және ауылдық аумақтарды дамыту мен цифрлық трансформация үдерістеріне жастарды тартуға бағытталған практикалық шешімдер ұсынатын алаң, – деп атап өтті ол.
Форумға белсене қатысқандар қатарында Шығыс Қазақстан облысының жастары да бар. Аймақтан аттанған делегация креативті видеоларымен көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді.
Жастар форумына биыл үшінші мәрте қатысып жатырмыз. Мұндай форумдар ең алдымен, жаңа мүмкіндіктерге, жаңа таныстықтарға жол ашады. Елге танымал эстрада жұлдыздары мен блогерлер, кәсіпкерлер де осы алаңда өз тәжірибелерімен бөліседі. Бұл жерде бәрі бірдей. Осындай ауқымды бастамаларды қолдап, белсенді қатысу арқылы жастар заманауи білім мен технологияларды еркін меңгеріп, ел дамуына үлес қосатын белсенді әрі жауапты орта қалыптасады, — дейді «Ауыл» партиясы жанындағы «Ауыл жастары» жастар қанаты ШҚО филиалының төрағасы Альбина Әлібекова.
Форумның бірінші күнінде қатысушылар арасында командалық рухты нығайту мақсатында тимбилдинг, делегаттардың шығармашылық кеші ұйымдастырылды.
Екінші күні форум «AI Education Talks: Білімге жаңа көзқарас», «Business Talks: Идеядан табысқа» және «Motivation Talks: Жастарға серпін» атты білім беру және мотивациялық кездесулермен жалғасты. Екі күн бойы қатысушылар технология, жасанды интеллект, кәсіпкерлік, тұлғалық даму және қоғамдық көшбасшылық салаларындағы тәжірибелі спикерлердің дәрістерін тыңдап, практикалық сессиялар мен ашық пікірталастарға қатысты.
Форумның қорытынды кешінде қазақстандық эстрада жұлдыздары Мөлдір Әуелбекова, Тұрар Ыдырыс, Жасұлан Көпберген, Абзал Өтешов және Болат Қобыланды өнер көрсетті.
«Ауыл» партиясы алдағы уақытта да жастардың зияткерлік әлеуетін ашуға бағытталған осындай бастамаларды жүйелі түрде дамытпақ.




