Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясы 88-бабының 5 тармағына сәйкес премьер-министр Олжас Бектеновпен және Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебаймен консультация өткізгеннен кейін «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Жарлыққа қол қойды.
Орталық сайлау комиссиясына барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау, оның дайындығы мен өткізілуін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды қабылдау тапсырылды. Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, — деп хабарлады Ақорда.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 88-бабының 5-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 101-бабының 3-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабының 2-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылсын.
2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлауды тағайындау, оны дайындау мен өткізуді ұйымдастыру жөніндегі шараларды қабылдасын.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Астана қаласының, облыстардың, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдасын.
4. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Қ.Тоқаев
Астана, Ақорда, 2026 жылғы 12 қазан
№ 1521




