Еліміздің әйелдер волейбол құрамасының капитаны, 2015-2023 жылдар аралығында Шығыстың «Алтай» клубының көшбасшысы болған Сана Анарқұлова не себепті өзге елдің чемпионатына ауысқанын түсіндірді, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл туралы ол SPORT+ арнасында болған сұхбат барысында айтып берді. Аладоп шебері қазір Сербия Суперлигасында өнер көрсететін «УБ» клубының намысын қорғап жүр.
Спортшы қыздың айтуынша, алғашқыда Қытай чемпионатында бақ сынап көрмек болған. Бірақ көрші елде ойнау үшін әуелі сынақтан өту керек екен. Мұндай талап Санаға ұнамаған соң бас тартқан. Есесіне қазақстандық волейболшыға Еуропадан, дәлірек айтқанда Сербиядан ұсыныс түскен.
Шынымды айтсам Қазақстан чемпионатында ойнау бірсыдырғы күйге түсіріп, жалықтыра бастады. Кез келген кәсіби спортшы секілді мен де басқа елде бақ сынап көргім келді. Мұндай қадамға ертерек баруым керек еді, бірақ оның өзіндік себептері болды, – дейді Сана Анарқұлова.
Волейболшы қыз сербиялық клубпен келісімшарт жасасқан кезде күйеуінің қолдауы маңызды рөл атқарғанын айтты.
Бәрі күтпеген жерден болды, Сербиядан ұсыныс түсті. Олар ешқандай агентсіз, маған тікелей шықты. Сол күні күйеуім екеуіміз мәшінде кетіп бара жатқанбыз. Маған келісімшарт жіберді. Біраз ойланып отырдым. Сол кезде күйеуім: «Қол қой, бұл сенің мүмкіндігің» деді. Сіздерге өтірік, маған шын телефон арқылы келісімімді беріп, қол қойдым, — деді спортшы.