Бүгін — Отан қорғаушы күні. Дәл осы күні, 1992 жылы 7 мамырда еліміздің тұрақтылығы мен аумақтық тұтастығының, әскери қауіпсіздігінің кепілі болған Ұлттық Қарулы Күштерін құру туралы жарлыққа қол қойылды. Атаулы күн 2012 жылдан бастап мемлекеттік мерекелер санатына қосылған.
Айта кетейік, Қазақстан Қарулы күштер қатарында ер азаматтармен қатар, нәзік жандар да теңдей қызмет атқарып келеді. Олардың көпшілігі офицер атағына ие. Сондықтан, Отан қорғаушы күні – қыз-келіншектердің де мерекесі.
Қазақстан әскері құрылымында құрлық әскерлері, әуе қорғанысы әскерлері және әскери-теңіз күштері қамтылған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Жоғарғы бас қолбасшысы, Президенттің тікелей бағынысында арнайы дайындалған аэроұтқыр әскерлері бар. Олардың мақсаты – төтенше жағдайда ерекше құпия операцияларды жүргізу.
Атаулы күн қарсаңында еңбегі сіңген сала мамандарына әскери атақтар беру және ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге наградалар тапсыру дәстүрге айналғанын атап өту қажет.
Осы орайда 5 мамыр күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты.
Фото: ortcom.kz