Шығыс Қазақстан облысында Жұмыспен қамтудың өңірлік жол картасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Биыл өңірде 17 440 жұмыс орнын құру көзделген, оның 13 мыңнан астамы — тұрақты. Жаңа жұмыс орындары жеке бастамаларды, инфрақұрылымдық және инновациялық жобаларды іске асыру, кәсіпорындарды кеңейту және мемлекеттік қолдау бағдарламалары есебінен ашылмақ. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Сауле Зарлық айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Былтыр облыста 28 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6% болған. Бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгеймен шамалас.
Мансап орталықтары көмек көрсетеді
ШҚО еңбек мобильділігі орталығының директоры Арайлым Есимбекова қазір өңірде 13 мансап орталығы жұмыс істеп тұрғанын айтты. Олар азаматтарды жұмыс іздеуден бастап, кәсіби оқыту және тұрақты жұмысқа орналасуға дейін қолдау көрсетеді. 2025 жылы бұл орталықтар арқылы 10 547 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Сондай-ақ субсидияланатын жұмыс орындары тиімді құрал ретінде сақталып отыр. «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Әлеуметтік жұмыс орындары» және «Күміс жас» жобалары аясында 2025 жылы 5 604 адам уақытша жұмыспен қамтылды, кейін олардың бір бөлігі тұрақты жұмысқа орналасты, — деді Арайлым Есімбекова.
250-ден астам грант берілді
Кәсіпкерлікті қолдау бағытында былтыр әлеуметтік осал топтарға 258 грант беріліп, жаңа бизнес-бастамалардың іске асуына және қосымша жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік жасалды. Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту да басты бағыттардың бірі ретінде жалғасып, арнайы бейімделген жұмыс орындары құрылып жатыр.
Өңірге 600 адам көшіп келеді
Сонымен қатар өңірде еңбек ресурстарын тарту жұмысы қолға алынған. 2025 жылы облысқа 794 адам қоныс аударса, 2026 жылы 600 қоныс аударушы мен қандасты қабылдау жоспарланған. Оларға қаржылай қолдау, тұрғын үй көмегі және экономикалық мобильділік сертификаттары қарастырылған. Бұдан бөлек «Шығыс шақырады» өңірлік бағдарламасы іске асырылады.
Әртүрлі санаттағы азаматтарға қолдау бар
2026 жылы жұмыспен қамту саясатын іске асыру мақсатында жастарға, 50 жастан асқан азаматтарға, мүгедектігі бар адамдарға және әлеуметтік осал топ өкілдеріне басымдық беріледі. Жоспар бойынша 8 301 адамды бос жұмыс орындарына орналастыру, 3 205 субсидияланатын жұмыс орнын ашу, 440 адамды қысқа мерзімді оқыту және 300 грант беру көзделген.




