Көктемгі егін егу жұмыстарын сапалы жүргізу үшін Үкімет диқандарға арнап дизель отынының бағасын нарықтық бағадан 15%-ға төмен етіп бекітті, деп хабарлайды F16.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Энергетика министрлігінің назарын көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының шекті жеңілдікті бағасын уақтылы бекіту қажеттігіне аударды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге шекті баға нарықтағыдан 15%-ға төмен бекітілгенін баяндады.
Ведомствоның мәліметінше, биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егін егу науқанына берген электронды өтінімдері негізінде 402 мың тонна мөлшерінде жеңілдікті дизель отынының көлемі дайыналды.
Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық аясында Қазақстанда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеңілдетілген дизель отынын жеткізу кестесі бекітілді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын жеткізудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін:
жеке ПИН-кодтар алу;
дизель отынының түсін сары, көк және қызылға бояу;
электронды шот-фактура жүйесіне дизель отынына арнап бөлек виртуалды қойма құру жөнінде шаралар қабылданды. Аталған шаралар мұнай жеткізушілер тарапынан дизель отынын АШТӨ операторларына мақсатты түрде нақты жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.




