Биылғы қаңтар—сәуірде ел экономикасының негізгі бағыттарында өсім байқалды. Атап айтқанда, көауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, сауда, байланыс салаларында даму бар, деп хабарлайды F16.kzҰлттық статистика бюросының болжамды деректеріне сүйеніп.
Өткен төрт айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ көлемінің өсімі 6% шегінде болды. Көлік саласындағы өсім жүктерді темір жол және құбыр арқылы тасымалдау жөніндегі қызметтер көлемінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Жоғары динамика Түркістан (21,8%), Жамбыл (11,2%) және Абай (14,9%) облыстарында тіркелді.
Құрылыс саласында нақты жұмыс көлемінің индексі 16,2% болды. Сонымен қатар құрылыс кезеңін ескере отырып, жұмыстарды орындау қарқынын арттыру және жобалар құнының өсуіне жол бермеу үшін жергілікті жерлерде қажетті үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды.
Сауда саласы бірінші тоқсандағы 6,3%-бен салыстырғанда 7% тұрақты өсімді көрсетті. Көтерме сауда көрсеткіші – 7,4%-ға, бөлшек сауда көрсеткіші 6,1%-ға дейін өсті. Бірқатар өңірде даму қарқыны байқалды: Түркістан облысы – жеміс, көкөніс, фармацевтикалық тауарлар сататын кәсіпорындар есебінен 60,4%, Ақмола облысы – астық, тұқым және мал азығын сататын кәсіпорындар арқасында 44%, Шымкент қаласы – дизель отыны, фармацевтикалық тауарлар, қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарды сататын кәсіпорындар есебінен 19,8%-ға жоғары өсім көрсетті.
Өнеркәсіп өндірісінің индексі жылдық 6,4% болды. Өсім тау-кен секторында 7,1% болды, атап айтқанда көмір өндіру көлемін ұлғайту есебінен (11,2%) қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібінде көрсеткіш 7,2%, оның ішінде тамақ өнімдерін өңдеу (12%), темекі өнімдерін (26,3%), химиялық өнімдерді өндіру (11,2%) және машина жасау (11,2%).
Ауыл шаруашылығында да оң динамика байқалады. Жалпы өнім индексі қаңтар-сәуір айларында 3,9% деңгейінде болды.
Үкімет Президенттің еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының сапалы іске асырылуын бақылауда ұстайды.
Фото: pixabay.com