Бүгін облыс орталығында мектеп бітірушілерге арналған Grant Fest университеттер фестивалі өтті. Шараға қатысушылар білім ордалары мен мамандықтар туралы толық ақпарат алып, университет өкілдеріне сауалдарын қойып, кеңес алды, деп хабарлайды F16.kz.
Аталмыш фестивальді биыл екінші жыл қатарынан Grant білім беру орталығы ұйымдастырып отыр.
Біздің орталық 5 жыл көлемінде мектеп оқушыларын ұлттық бірыңғай тестілеуге дайынап келеді. Осы уақыт аралығында түлектердің көбі мамандық пен жоғары оқу орнын таңдағанда қателесетінін байқадық. Сондықтан Grant Fest әлеуметтік жобасын қолға алдық. Жобаның негізгі мақсаты – оқушыларға Қазақстандағы жетекші оқу орындарын көрсетіп, мүмкіндіктерімен жақынырақ таныстыру. Осы орайда айта кетейік, Turan-Astana унверситеті біздің орталықтағы оқушыларға 3 грант бөліп отыр және соның ішіндегі бір грант иегерін бүгінгі шара барысында анықтаймыз, — деді Grant білім беру орталығының басшысы Құндыз Мұратова.
Шараға қатысушылар қатарында жергілікті С.Аманжолов атындағы ШҚУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ және ҚАЕУ-мен қатар, Семей медицина университеті, Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гумманитарлық заң университеті, Turan-Astana университеті, Мұхаметжан Тынышбаев атындағы АLT университеті бар.
Бүгінгі шара түлектер үшін өте үлкен мүмкіндік беріп жатыр. Еліміздегі мықты білім ордаларының бәрі бір алаңда бас қосуы — біз үшін өте қолайлы. Мен өзім Семей медициналық университетіне оқуға түскім келеді. Бүгін оқу орнындағы мүмкіндіктер туралы біліп, толық ақпарат алдым, — дейді А.Байтұрсынов атындағы №20 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Айша Төкенова.
Жоғары оқу орындарының көрмесі артынша мазмұнды конференциямен жалғасып, түлектер арасында түрлі ойындар ойнатылып, сыйлықтар таратылды.




