Италияның Милан—Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін Қысқы Олимпия ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Әлем жұртшылығының назарын аударған төртжылдық додасында Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері спорттың 10 түрінен сайысқа түседі, деп хабарлайды F16.kz.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәлімдеуінше, Апенин түбегіндегі аламанда ел намысын барлығы 36 спортшы қорғайды. Оның ішінде 18 еркек, 18 әйел спортшы бар. Ұлттық құраманың орташа жасы – 25 жас. Олимпиададағы ең жас қазақстандық спортшы – фристайл-акробатикадан өнер көрсететін 17 жастағы Асан Асылхан. Ал құраманың ең тәжірибелі әрі жасы үлкен спортшысы – шорт-тректен ел намысын қорғайтын 33 жастағы Абзал Әжғалиев.
Команда сапындағы тәжірибелі спортшылардың бірі – фристайл-могул шебері Юлия Галышева. Ол 2018 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, сондай-ақ 2010, 2014, 2018 және 2022 жылдардағы Олимпиада ойындарына қатысқан. Юлияның тәжірибесі мен шеберлігі ұлттық құрама үшін өте маңызды.
Айта кетейік, қысқы Олимпия ойындары 2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында Италияда өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.




